Алматыда ІІМ академиясының бір курсанты кәмелетке толмаған қызға күш қолданды деген күдікпен тексеруге алынды, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға жайлы ақпарат жәбірленушінің әпкесінің әлеуметтік желідегі жазбасынан белгілі болған. Оның айтуынша, қыздың бұрынғы жігіті кездесуге шақырып, көліктің ішінде ұрып-соққан.
Бұл жайтқа қатысты Алматы қалалық полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомство дерегінше, оқиға бойынша қылмыстық іс тіркеліп, барлық қатысушылардан толық жауап алынған. Алайда қыз ата-анасымен бірге полицияға ресми арыз жазудан және сот-медициналық сараптама жасаудан бас тартқан.
«Тексеру барысында жәбірленушінің денесінде көзге көрінетін жарақат анықталмады. Осы жағдайларды және прокурорлық қадағалау органының келісімін ескере отырып, қылмыстық іс заңға сәйкес қысқартылды», — деп хабарлады департамент.
Соған қарамастан, полиция ІІМ Алматы академиясында ішкі тәртіптік тексеріс жүргізілгенін, оның нәтижесінде күдікке ілінген курсант оқу орнынан шығарылғанын атап өтті.