Алматыда алқабилердің қатысуымен өткен сот блогерлер Дамир Күшеев пен Руслан Каримовты "бопсалау" айыбы бойынша тоғыз жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. , деп хабарлайды kznews.kz.
Үкім жарияланғаннан кейін сотталған блогер Дамир Күшеев алқабилерге қарап сөз сөйледі.
"Ұят сіздерге. Бар үміт сіздерде еді, жазықсыз адамдарды ақтайды деп сендік. Тергеу дәлелдей алмады, бірақ ақыры бізді соттады. Біз қылмыс жасаған жоқпыз, бірақ бізге жаза тағайындалды", – деді Дамир Күшеев соңғы сөзін айтып.
Үкім 19 ақпан күні кешке қарай жарияланды.
Дамир Күшеевтің жақтастары бұл қылмыстық іс елеулі сұрақтар туғызатынын және құқықбұзушылықтар мен жемқорлық мәселелерін ашық көтеріп жүрген қоғамдық белсендіге қысым болуы мүмкін екенін айтады.
Еске салайық, Алматыда екі блогердің 28 миллион теңгені бопсалады деген күдікпен ұсталғаны туралы полиция 2025 жылғы 23 қаңтар күні таңертең хабарлаған еді. Кейін судья ауысып, үкім актісі де өзгеріп, кәсіпкерден 62 млн теңгеден астам қаражат пен мүліктік құқық талап етті деген айып тағылған. Іс Қылмыстық кодекстің бопсалау туралы бабы бойынша қаралып жатыр. Айыпталушылар ақша талап ету фактісін жоққа шығарып, бұл істі тапсырыспен ұйымдастырылған қылмыстық қудалау деп айтқан еді.