Алматы облысында дене шынықтыру мұғалімі оқушыны сынып алдында сөккеннен кейін шашынан ұстап, иығына соққы жасады. Оқиға сыныптастарының түсірген видеосы арқылы әлеуметтік желіге таралып кетті, деп хабарлайды kznews.kz. КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Алматы облысында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі оқушыны шашынан сүйреп, иыққа соққы жасаған. Оқиғаға куә болған сыныптастары оның әрекетін видеоға түсіріп, кадрлар әлеуметтік желіге жарияланды.
Кейін белгілі болғандай, бұл жағдай Қарасай ауданына қарасты Қолашы ауылында болған. Алдымен мұғалім оқушыны сынып алдында сөккен, кейін оның құлағын бұру, шашынан ұстау және иығына жұдырықпен соққы жасау әрекеттерін жасаған.
Оқушының ата-анасы полицияға арыз жазды, ал мұғалім өз кінәсін мойындап, жазбаша түсініктеме берді. Оқиғаның нақты себебі әлі анықталған жоқ.
Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, мұғалім жұмыстан шығарылған.
Медициналық қорытынды бойынша оқушының денсаулығына зиян келтірілмеген. Материалдар Қарасай аудандық полиция бөліміне беріліп, Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-бөлігі
"Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау" бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.