Биыл 75-рет ұйымдастырылған халықаралық сұлулық байқауына әлемнің 116 елінен және аумағынан арулар қатысты.
Пуэрто-Риконың астанасы Сан-Хуан қаласында өткен “Әлем аруы – 2026” халықаралық сұлулық байқауында 27 жастағы Дженнифер Баррето жеңімпаз атанды. Ол байқау тарихында бас жүлдені иеленген тұңғыш ана болды, деп хабарлайды kznews.kz
Бас жүлдені иеленген Дженнифер Барретоға тәжді былтырғы байқаудың жеңімпазы, мексикалық Фатима Бош табыстады.
Дженнифер Баррето – мамандығы бойынша психолог әрі әлеуметтік қызметкер. Ол тұрмыста, жеті жасар Пенелопа есімді қыз тәрбиелеп отыр. Жұбайы – әскери қызметкер.
Баррето психология саласында бакалавр дәрежесін алған. Бұған дейін педагог болып жұмыс істеп, әскери қызметкерлердің отбасыларына көмек көрсететін дағдарыс орталығында кеңесші қызметін атқарған. Қазір бірнеше қайырымдылық ұйымымен жұмыс істейді.
Жеңісінен кейін ол сахнада көз жасына ерік беріп, жиналғандарға алғыс айтты.
“Мен өте бақыттымын және сіздерге ризамын”, – деді жеңімпаз.
Байқау қорытындысы бойынша үздік бестікке енген арулар:
Дженнифер Баррето – Пуэрто-Рико;
Мелисса Нуньес – Доминикан Республикасы;
Клара Вегас Гёц – Венесуэла;
Беа Миллан-Виндорски – Филиппин;
Джорджия Уоддингтон – Жаңа Зеландия.
Дженнифер Баррето – “Әлем аруы” атағын иеленген Пуэрто-Риконың алтыншы өкілі.
Келер бір жылда ол халықаралық ресми және қайырымдылық іс-шараларына қатысып, байқау ұйымының атынан түрлі елдерге барады.
KP мәліметінше, жеңімпаз өз міндеттерін атқарғаны үшін жылына шамамен 250 мың доллар еңбекақы алады. Бұдан бөлек, оған ай сайын өкілдік шығындарына 4 мың доллар көлемінде қаражат бөлінеді.
Айта кетейік, “Ғалам аруы” байқауы алғаш рет 1952 жылы АҚШ-та өткен. Кейінгі жылдары байқау ережесі өзгеріп, тұрмыстағы және балалы әйелдерге де қатысуға мүмкіндік берілді.
Қазақстан намысын кім қорғады?
Еске салайық, бұған дейін “Қазақстан аруы” Алина Ри “Ғалам аруы” байқауында 5 миллион теңгелік алтын қанатпен сахнаға шығып, көпті тәнті еткені хабарланған еді. Ұлттық киімнің басты ерекшелігі – ені 4,5 метрге жететін алтын түстес бүркіт қанаттары. Арнайы орнатылған механизмнің көмегімен қанаттар сахнада ашылып, қалықтап ұшқан құстың бейнесін жасайды.
Киімді қазақстандық SV Muse бренді әзірлеген. Оны дайындауға алты айдан астам уақыт кеткен. Шеберлер киімге 10 мыңнан астам сәндік тас қадап, кестелерін қолмен тіккен. Сондай-ақ бүркіт қауырсындары мен ұзындығы бес метр болатын етек жалғаған.