Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) ұлыбританиялық боксшы Хамза Шираздың екінші орта салмақтағы чемпиондық атағынан бас тартқанын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды kznews.kz
Queensberry Promotions промоутерлік компаниясы WBO-ға Шираз қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына қарсы міндетті жекпе-жекке шықпайтынын хабарлаған. Жәнібек бұл кездесуге ресми міндетті үміткер мәртебесін алған еді.
Ұйымның мәліметінше, промоутерлік сауда қорытындысы бойынша белгіленген шарттарды қарастырғаннан кейін Шираз чемпиондық белбеуін өз еркімен босатуға шешім қабылдаған.
"WBO Хамза Шираз бен оның командасының шешіміне құрметпен қарайды. Сондай-ақ, боксшылар мен олардың командалары спортшының мүддесіне сай деп тапқан жағдайда кәсіби мансабына қатысты шешімді өздері қабылдауға құқылы екенін мойындайды", - делінген WBO мәлімдемесінде.