KZNews.kz
Әлем

Аляскадағы кездесу: Путин келіссөздер жайлы мәлімдеме жасады

Torgyn Abushakhman

Ресей президенті Владимир Путин 2025 жылдың тамыз айында Алясканың Анкоридж қаласында өткен кездесуде АҚШ президенті Дональд Трамппен жүргізілген келіссөздер барысында ұсынылған компромистерге ресейлік тараптың келісім бергенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Бұл жөнінде Путин 19 желтоқсанда өткен «Тікелей байланыс» бағдарламасында айтты.

Оның сөзінше, Анкоридждегі кездесуге дейін Мәскеуде АҚШ өкілдерімен алдын ала келіссөздер жүргізіліп, америкалық тарап бірқатар ұсыныс жасаған.

«Анкориджге келгенде бұл біз үшін оңай шешім болмайтынын айттым. Дегенмен ұсынылған компромистерге келісім бердік», – деді Путин.

Ресей президентінің айтуынша, Трамппен кездесуде ресейлік тарап ұсыныстарды келісіп, іс жүзінде қабылдаған.

«Сондықтан Ресей бірдеңеден бас тартты деу – негізсіз. Бұл шындыққа жанаспайды. Ресей келіссөздерге де, соғысты бейбіт жолмен аяқтауға да дайын. Қазір доп толықтай Украина мен Еуропа елдерінің жағында», – деді ол.

Брюссельде Украинаға алдағы екі жылға қаржылай қолдау көрсету көздерін талқылауға арналған Еуроодақтың ең ұзақ әрі күрделі саммиттерінің бірі 19 желтоқсанға қараған түні шамамен сағат 03:00-де аяқталған болатын.

Torgyn Abushakhman
Автордың басқа материалдары