АҚШ пен Израиль жүргізген операция салдарынан қаза тапқан Әли Хаменеидің орнына ұлы Моджтаба Хаменеи сайланды. Алайда бұл ақпарат расталған жоқ. Бұл туралы kznews.kz ақпарат агенттігі DW дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлайды.
Иранның жаңа жоғарғы жетекшісі ретінде Моджтаба Хаменеи сайланды. Ислам Республикасындағы дереккөздердің мәліметінше, мұндай шешімді 88 мүшеден тұратын жоғарғы шейіт дінбасыларының кеңесі қабылдаған.
Ресми түрде ирандық билік пен БАҚ бұл ақпаратты әлі растамады. Дереккөздердің мәліметінше, Моджтаба Хаменеидің сайлануы Ислам революциясының сақшылар корпусының қысымымен жүзеге асырылған. Моджтаба 1969 жылы Мешхедте дүниеге келген және ол Али Хаменеидің екінші ұлы.
Али Хаменеи қайтыс болғаннан кейін Иранды уақытша үш адам басқарады: президент Масуд Пезешкиан, сот билігінің басшысы Голяма Хосейн Мохсени-Эджеи және Конституция сақшылары кеңесінің мүшесі аятолла Алиреза Арафи.
Айта кетейік, бұған дейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) елдің Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи өлтірілген соң “Иран қарулы күштері тарихындағы ең жойқын шабуыл операциясын” бастауға уәде берген еді. Ел үкіметі 40 күндік жалпыұлттық аза тұту жариялап, 7 күнді демалыс күндері деп белгіледі.
Ирандық БАҚ-тың хабарлауынша, Хаменеи қаза тапқан соң ел қалаларының орталық алаңдарына мыңдаған адам жиналып, кек қайтаруды талап етіп жатыр. Сонымен қатар елде жаппай аза тұту шаралары өтіп, мешіттерде қаралы тулар көтерілген.