Дағыстанда үйлену тойында басталған жанжал адам өлімімен аяқталды. 24 жастағы жігіт бірнеше жерінен пышақ жарақатын алып, ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайғылы жағдай Сүлейман-Сталь ауданындағы Ашага-Стал-Казмаляр ауылының шетінде болған. Полиция мәліметінше, 24 жастағы жігіт пен 27 жастағы ауыл тұрғыны бұған дейін бір ауылдасының үйлену тойында жанжалдасып қалған.
Кейін екі азамат мәселені өзара шешу үшін қайта кездескен. Алайда олардың арасындағы сөзге келу тағы да жанжалға ұласып, 27 жастағы күдікті қарсыласына бес рет пышақ сұққан.
Ауыр жараланған жігіт ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Полиция қылмысқа күдіктіні ұстаған. Тергеу материалдары Дағыстан бойынша Тергеу комитетіне жіберілді.
Оқиғаға байланысты Ресей Қылмыстық кодексінің 105-бабының 1-бөлігі, яғни "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеушілер жанжалдың нақты себебін және оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде марқұмның дәл сол күні үйленген күйеу жігіт болғаны және оған алғашқы неке түнінде шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тарады. Кейбір жазбаларда жанжалдың ақшаға байланысты туындағаны да айтылады.
Алайда ресми органдар бұл мәліметтерді растаған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстың нақты себебі мен күдіктінің әрекетіне қатысты түпкілікті қорытынды тергеу нәтижесінен кейін белгілі болады.