Әлеуметтік сауалнама нәтижесі: қазақстандықтардың 95,2 пайызы өмірге риза
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Әлеуметтік сауалнама нәтижесі: қазақстандықтардың 95,2 пайызы өмірге риза

Әлеуметтік сауалнама нәтижесі:  қазақстандықтардың 95,2 пайызы өмірге риза
Фото: ашық дереккөздерден

Ел тұрғындарының басым бөлігі өз өміріне оң баға береді және алдағы бір жылға сеніммен қарайды екен. Мұндай қорытындыны Стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша DATAmetrics жүргізген әлеуметтік сауалнама көрсетіп отыр.

Зерттеу биылғы 13 маусым мен 2 шілде аралығында еліміздің барлық өңірлерінде, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өткізілген. Сауалнамаға 18 жастан асқан 8 мың адам қатысқан. Сауалнама бетпе-бет сұхбат әдісімен жүргізіліп, іріктеме елді мекен түрі, жынысы және жас ерекшелігі бойынша репрезентативті деп танылған. Сенімділік ықтималдығы 95 пайыз болып, статистикалық ауытқу 1,1 пайыздан аспаған.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 95,2 пайызы өз өміріне оң баға берген. Оның ішінде 63,3 пайызы өміріне толықтай қанағаттанатынын айтса, 31,9 пайызы негізінен қанағаттанатынын жеткізген.

Сондай-ақ, респонденттер отбасының материалдық жағдайына қатысты да оң пікір білдірген екен. Сауалнамаға қатысқандардың 67,6 пайызы соңғы бір жылда тұрмыстық жағдайының жақсарғанын мәлімдеген. Оның ішінде 29,8 пайызы жағдайының айтарлықтай жақсарғанын, ал 37,8 пайызы белгілі бір деңгейде оң өзгерістер болғанын атап өткен.

Тек респонденттердің 25,5 пайызы материалдық жағдайы өзгермегенін айтса, тағы 6,6 пайызы күрт нашарлағанын көрсеткен.

Мұнан бөлек, тұрғындардың алдағы бір жылға қатысты болжамдар да үмітке толы екен. Сауалнамаға қатысқандардың 78,6 пайызы келесі жылы өз отбасының тұрмысы қазіргімен салыстырғанда жақсарады деп сенеді. Оның ішінде 45 пайызы елеулі жақсару болады деп күтсе, 33,6 пайызы белгілі бір деңгейде оң өзгерістер болады деген пікір білдірген көрінеді.

Бұл нәтижелер қоғамның едәуір бөлігі өз жағдайын жеке тәжірибесі мен отбасындағы өзгерістер арқылы бағалайтынын аңғартады. Азаматтар үшін ресми макроэкономикалық көрсеткіштерден гөрі, отбасының әл-ауқатының жақсаруы мен болашаққа деген сенім маңыздырақ болуы мүмкін.

Сонымен қатар мұндай сауалнама халықтың субъективті бағасын көрсететінін ескерген жөн. Сондықтан оның нәтижелерін халық табысы, инфляция, тұтыну бағалары және өзге де ресми әлеуметтік-экономикалық статистикамен бірге қарастырған дұрыс.

Соған қарамастан зерттеу қазақстандықтардың жеке өміріне қатысты көңіл күйі мен болашаққа деген сенім деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.

Автор
Гүлжан Амангелдіқызы

журналист-жазушы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі. «Арай +» телеарнасында, «Қазақстан - Атырау» телеарнасында редактор, «Жетісу Университеті», «Нұрлы өлке» газеттерінде тілші және Baq.kz, Inbusiness.kz, El.kz ақпараттық порталдарында фрилансер болған.