Назымның айтуынша, ол Салтанатты мүлде танымайтын. Сондай-ақ бұрынғы күйеуімен ажырасқаннан кейін оның екінші әйеліне барып, ол туралы жаман пікір айту орынсыз әрі қисынсыз деп санаған.
Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман неліктен Салтанатқа оның мінезінің ауыр екенін ескертпегенін айтты. Сөзінше, Салтанатқа барып, бұл туралы айту – әдептілікке жат деп түсінген, деп хабарлайды kznews.kz
“Салтанатқа барып, оны жамандауды керек емес дүние деп санадым. Мен мұны қисынсыз әрі әдептілікке жат деп ойладым”, – деді Назым Қаһарман.
Алайда Назым Салтанаттың қазасын естігеннен кейін оған Қуандықтың мінезі туралы алдын ала ескертпегеніне өкінгенін айтты. Оның сөзінше, Салтанат пен Қуандықтың үйлену тойы белгіленгенін естігенде, ол абысынына барып, Салтанатқа ескерту жасауды өтінген. Алайда бұл сөздің Салтанаттың өзіне жеткен-жетпегені белгісіз.
“Бірінші кеңес – жұмсақ болмау. Бұл қатал болу, өз шекарасын сақтау, өзін қорғау, оның мойныңа отыруына жол бермеу. Өйткені мұндай адам, жалпы мұндай адамдар мейірімділікті әлсіздік ретінде қабылдайды. Сосын мойнына мініп, аяғын салбыратып отырады”, – деді Назым.
Сондай-ақ Назым Қаһарман Бишімбаевтың жары болып жүрген кезінде оның отбасының қандай екенін айтты.
"Екінші кеңесім – Салтанат мүмкіндігінше оның ата-анасынан аулақ жүруі керек еді. Менің ойымша, олар – зұлым адамдар. Баласының өміріне де, отбасылық өміріне де үлкен зиян келтірді", – деді Назым Қаһарман.
Үшінші кеңесінде, ол балалары дүниеге келгеннен кейін Бишімбаевпен қарым-қатынасы қалай өзгергенін еске алды.
"Үшінші кеңесім сіздерге оғаш естілуі мүмкін. Бірақ мен оған бала тумауға кеңес бердім. Өйткені ол өте өзімшіл, өзін ғана ойлайтын, әлі де есейіп үлгермеген адам еді. Менің назарым балаға ауғанына қызғанышпен қарайтын. Үшінші балам дүниеге келгеннен кейін оның маған опасыздық жасап жүргенін біле бастадым", – деді Бишімбаевтың бұрынғы әйелі.
Айта кетейік, 2023 жылдың қарашасында Астанада бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталды. Оқиға елордадағы BAU мейрамханасында болған. Тергеу мәліметінше, Бишімбаев жұбайы Салтанат Нүкенованы соққыға жығып, оның өліміне себеп болған. 2024 жылдың 13 мамырында сот оны аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 24 жылға бас бостандығынан айырды. Ал оқиғаға қатысы бар деп танылған Бақытжан Байжанов төрт жылға сотталды.
Еске сала кетейік, сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман тағы да бұрынғы күйеуінің туыстарымен соттасуға мәжбүр екенін мәлімдеді. Бұл жолы одан 22 миллион теңге талап етілген.