Бәрекелді, БЖЗҚ: зейнетақы активтері 28,5 трлн теңгеге жетті
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Жезқазғанда «Қазақмыс» қаражатына салынған Ұлытау облыстық Орталық мешіті ашылды

Жезқазғанда «Қазақмыс» қаражатына салынған Ұлытау облыстық Орталық мешіті ашылды
фото: Қазақмыс

Салтанатты рәсімге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, корпорацияның Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, Ұлытау облысының құрметті азаматтары, ақсақалдар және мердігер ұйымның өкілдері қатысты.

13 қарашада Жезқазғанда 3 000 адамға арналған Ұлытау облысының жаңа Орталық мешітінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Өңірдегі ірі рухани нысанның құрылысын «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қаржыландырды, деп хабарлайды kznews.kz

Мешіттің құрылысы 2025 жылы басталды. Шілде айында Бас мүфтидің қатысуымен іргетастың алғашқы тасын қалау рәсімі өтті. Жобаға – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тапсырыс берді, ал «Integra Construction» ЖШС – бас мердігер болып бекітілді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төралқасының шешімімен мешітке «Ұлытау облысының орталық мешіті» атауы берілді.

Жаңа мешіт Жезқазған қаласының орталық бөлігінде орналасқан. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы шамамен 3800 шаршы метрді құрайды. Жоба аясында мешіттің айналасындағы аумағы 4855 шаршы метр жерді көгалдандыру қарастырылған. Мешіт өңір тұрғындары үшін құлшылық жасауға, діни-ағартушылық іс-шаралар өткізуге және рухани қарым-қатынас орнатуға арналған маңызды орынға айналады.

«Бүгін – Ұлытау облысының рухани өмірінде айрықша әрі тарихи күн. Ел тарихының алтын бесігі саналатын қасиетті Ұлытау жерінде жаңа мешіттің бой көтеруі – имандылыққа, ізгілікке және рухани құндылыққа деген құрметтің жарқын көрінісі», – деп атап өтті Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы.

Орталық мешіттің ашылуы – Қазақмыстың қаржылай қолдауымен жүзеге асқан маңызды әлеуметтік жобалардың бірі болды.

«Біз халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрін, ұрпақ сабақтастығын, ізгілік пен адамгершілік құндылығын дәріптейтін жаңа рухани орталықтың есігін айқара ашып отырмыз», – деп атап өтті «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарға қолайлы қалалық орта қалыптастыру корпорация қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Ұлытау облысының әкімдігімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында Қазақмыс бірқатар инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға қатысуда.

Жезқазғанда жаңа мешіттің маңында орналасқан Кеңгір су қоймасының жағалауын қайта жаңарту жұмысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар «Жастар» саябағын абаттандыру, С. Қожамқұлов атындағы театрды жөндеу және «Намыс» балалар мен жасөспірімдер спорт академиясының спорт алаңын жаңарту жұмысы жалғасуда.

Ұлытау университетінің құрылысы аяқталу алдында. Қазіргі уақытта студенттер жатақханасының ғимаратын салу жұмысы қорытынды кезеңге жетті.

Сәтбаев қаласында Кенші даңқы алаңын және травматология бөлімшесі бар қалалық аурухананы қайта жаңарту жобасы жүзеге асырылуда.

«Біз үшін Ұлытау облысының дамуы айрықша маңызды. Өндірісті жаңғырту барысында компаниямыздың басты қағидатын – халық игілігі үшін қызмет етуді  басшылыққа аламыз», – деп атап өтті «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.

2027 жылы әлеуметтік инфрақұрылымның жаңа нысандарын, оның ішінде көпфункционалды Конгресс-орталық, футбол стадионын және заманауи теннис орталығын салу жоспарлануда.

Бұл жобалар қалалық ортаны дамытуды, білім алу мен спортпен шұғылдануға жағдай жасауды және мәдени демалысқа берілетін мүмкіндікті кеңейтуді,  сондай-ақ Ұлытау облысы тұрғындарының өмір сапасын арттыруды көздейді.

Қазақмыс өңірдің әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына бағытталған маңызды жобаларды жүзеге асыруға алдағы уақытта да қолдау көрсетуді жалғастыра береді.

Автор
Айгерім Асылова

Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.