Жаһандық нарықта мыс өңдеу ақысы рекордтық деңгейде нөлге түскенімен, отандық зауыттардың реагенттер мен энергияға жұмсайтын орасан шығыны ешқайда жоғалған жоқ.
Әлемде мыс өңдеу ақысы нөлге түскенімен, зауыттардың шығыны азайған жоқ. Экономикалық шолушы Юрий Масановтың пікірінше, Қазақстандағы өңдеу тарифін осы әлемдік көрсеткішке ғана сүйеніп белгілеу кәсіпорындардың жұмыс істеуіне, өндірісті жаңартуына кедергі келтіруі мүмкін, деп хабарлайды kznews.kz.
Мыс немесе мырыш концентратын бастапқы өңдеп, балқыту үшін төленетін ақы металлургияда Treatment Charges, қысқаша TC деп аталады. Масановтың айтуынша, Қазақстанда оны есептеу төңірегіндегі талқылау екі мәселеге тіреліп отыр: әлемдік ақы нөлге жуықтағанда отандық зауыттардың шығынын қалай ескеру керек және қосымша өнімнен түскен түсімді тарифтен шегерген дұрыс па?
«Биыл TC-дің әлемдік бағдары алғаш рет концентраттың тоннасына нөл доллар болып белгіленді, ал спот нарығындағы, яғни жедел мәмілелердегі мөлшерлемелер 2024 жылдан бері теріс мәнде қалып отыр. Бұл мыс бағасының жоғары болып тұрғанына қарамастан орын алды», дейді шолушы.
Оның түсіндіруінше, мұның себебі өңдеудің арзандауында емес. Концентрат барлық зауыттың толық жұмыс істеуіне жетпегендіктен, кәсіпорындар шикізат үшін бәсекелесіп, ақысын төмендетеді. Бағаға тараптардың келіссөздегі ықпалы да әсер етеді.
Бұл жағдайға Қытайдағы металлургияның кеңеюі елеулі ықпал еткен. Масанов келтірген Халықаралық энергетика агенттігінің дерегінше, 2005 жылдан бері әлемдегі мыс балқыту қуаты өсімінің 90 пайыздан астамы Қытайға тиесілі. 2025 жылға қарай елдің әлемдік қуаттағы үлесі шамамен 50 пайызға жеткен.
«Өңдеудің нарықтағы ақысы нөлге түсті, бірақ өңдеу шығыны жоғалған жоқ. Электр энергиясына, отынға, қызметкерлерге, жөндеуге, реагенттерге, экологиялық инфрақұрылым мен өндірісті жаңартуға жұмсалатын шығын сақталды», дейді Масанов.
Сондықтан шолушы әлемдік TC-ді Қазақстандағы ұзақ мерзімді тарифтің дайын өлшемі ретінде қабылдауға болмайды деп есептейді. Оның пікірінше, бұл отандық металлургияны үнемі өзгеріп отыратын әлемдік нарыққа тәуелді етеді.
Алтын, күміс, күкірт қышқылы мен өзге қосымша өнімдерден түсетін ақшаға қатысты да бөлек есеп қажет.
«Түсім мен пайда екі бөлек ұғым. Сатуға болатын өнім алу үшін қосымша өңдеу, жабдық, энергия, реагенттер, мамандар, экологиялық инфрақұрылым және инвестиция керек. Түсім көлемі концентраттың құрамына, пайдалы заттарды бөліп алу деңгейіне және нарықтағы бағаға байланысты», дейді ол.
Масанов келтірген агенттік бағалауынша, TC іс жүзінде нөлге түскен соң зауыттардың қосымша өнімнен түсетін кіріске тәуелділігі артқан. Алайда бұл кірістің өзі де құбылып тұрады.
Шолушының мәліметінше, Қытайдың озық кәсіпорындары шикізаттағы мыстың шамамен 98-99 пайызын бөліп алса, Қазақстан зауыттарында кей технологиялардың ескіруіне байланысты көрсеткіш 95-96 пайыз төңірегінде. Үлкен көлемдегі шикізатты өңдегенде осы айырманың өзі едәуір металға тең, ал өндірісті жаңарту оны қосымша алуға мүмкіндік береді.
«Кәсіпорын шикізатты неғұрлым толық өңдеген сайын негізгі жұмысы үшін алатын ақысын соғұрлым төмендетсе, мұндай тәсіл терең өңдеуге инвестиция салуды ынталандырмайды. Керісінше, оны шектеуі мүмкін», дейді Масанов.
Халықаралық энергетика агенттігінің бағалауынша, заманауи мыс балқыту зауыттары аса маңызды қосымша материалдарды алуға, кейінгі өндірістерді қамтамасыз етуге және қайталама шикізатты өңдеуге де қажет. Алайда мыс бағасы рекордтық деңгейде тұрған кезде өңдеу ақысының тарихи ең төменгі деңгейге түсуі тәуелсіз зауыттарға қысымды күшейтіп отыр.
Масановтың пікірінше, ішкі тарифтің мақсаты Қазақстанды әлемдік нарықтан оқшаулау немесе белгілі бір кәсіпорынның пайдасына кепілдік беру болмауға тиіс. Есептеу тәртібі кен өндірушілердің бәсекеге қабілетін сақтап, өңдеушілерге жұмыс істеуге, жаңаруға және жаңа қуатқа қаржы салуға мүмкіндік беруі керек.
«Шығындар негізді, инвестициялар ашық болуы керек, ал нарыққа қатысушылар не үшін төлейтінін түсінуге тиіс. Нөлдік TC шикізат пен балқыту қуатының қазіргі арақатынасын көрсетеді, бірақ өңдеу тегін болды дегенді білдірмейді», дейді шолушы.