KZNews.kz
Қоғам

Алаяқтар қазақстандықтарды енді салық декларациясының мерзімі өтіп кеткенімен қорқытуға көшкен

Torgyn Abushakhman

Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды жаңа алаяқтық туралы ескертті. Енді қылмыскерлер салық декларациясы кешікті деп қорқытып, SMS-код сұрап, азаматтардың шоттарындағы ақшаны ұрлап жатыр. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Министрліктің мәліметінше, қылмыскерлер өздерін мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарды салық декларациясының мерзімі өтіп кеткені туралы айтып қорқытады. Ал шоттарыңыз бұғатталмас үшін деп, SMS арқылы келген кодты айтуыңызды сұрайды.

Алаяқтар бұл код оларға жеке басыңызды растау үшін қажет деп сендіреді. Кейін мәселені үш күн ішінде шешеміз дейді. Әйтпесе, барлық шоттар бұғатталады деп қорқытады. Бірақ адам кодты айтып берген сәттен бастап, алаяқтар оның банк карталарына қол жеткізіп, ақшасын шешіп алады.

Министрлік мемлекеттік органдардың қызметкерлері мұндай хабарламалармен ешқашан телефон шалмайды және SMS-кодтарды сұрамайтынын ескертеді.

"Ешқашан бөгде адамдарға SMS-кодтарды, парольдерді, карталар деректерін және басқа да жеке мәліметтерді айтпаңыз. Күдікті қоңырау түскен жағдайда әңгімені дереу үзіп, 102 нөмірі бойынша полицияға хабарласыңыз", – делінген жауапта.

Torgyn Abushakhman
Автордың басқа материалдары