Әлеуметтік желілерде қолында сәбиі бар курьер әйелдің фотосы кеңінен тарап, қоғамда қызу талқыланған болатын. Аталған жағдайға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Министрдің айтуынша, көпшілік ойлағандай келіншек жалғызбасты ана емес. Оның жұбайы бар және отбасы жақында Шымкенттен Алматы қаласына қоныс аударған.
«Біз бұл отбасының жағдайын зерттедік. Баланың әкесінің IT саласы бойынша жоғары білімі бар, ал жұбайы техникалық мамандық иесі. Олар 19 мамыр күні Алматыға көшіп келіп, өз күндерін өздері көруге тырысқан. Дегенмен басқа өңірден көшіп келетін жастарға ең алдымен мансап орталықтарына жүгінуге кеңес береміз. Онда жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін түрлі бағдарламалар бар», – деді министр.
Сондай-ақ ведомство өкілдері жас ананы жұмысқа тартқан курьерлік компаниямен де байланысқа шыққан. Министрдің сөзінше, сәбиді ертіп жұмыс істеу жағдайы ерекше назарға алынған.
«Бізді алаңдатқан мәселе – әйелдің жұмысқа кішкентай баласымен шығуы. Компания өкілдерінен бұл жағдайдың қалай орын алғанын сұрадық. Олар жауап беру үшін уақыт сұрады. Келесі аптада бұл мәселені қайта талқылаймыз. Мұндай жағдайларға қатысты нақты талаптар мен тәртіп болуы қажет», – деді Асқарбек Ертаев.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде төрт айлық сәбиін құшағына алып курьер болып жұмыс істеп жүрген әйелдің суреті тараған еді. Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, көпшілік жас отбасының жағдайына алаңдаушылық білдірген болатын.