Қайғылы оқиға 1 қарашада жергілікті уақытпен сағат 12:50 шамасында Палм-Бич округінде, Гринейкрс қаласына жақын жерде болған.
АҚШ Федералдық авиация басқармасының (FAA) мәліметінше, Learjet 60 үлгісіндегі жеке ұшақ Техас штатының Остин қаласынан Багам аралдарына бағыт алған. Алайда діттеген жеріне жете алмай, тұрғын үйлер орналасқан аумаққа құлаған.
АҚШ көлік министрі Шон Даффи әуе кемесінің бортында болған тоғыз адамның да көз жұмғанын растады.
Ұшақ жерге құлап, жарылыс болды
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ұшақ апатқа ұшырар алдында биіктігін күрт жоғалтып, төмен қарай құлдилаған.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалардан әуе кемесінің жерге үлкен жылдамдықпен соғылып, артынша жарылғанын көруге болады.
Оқиға орнында өрт шығып, ұшақ қалдықтары жан-жаққа шашылған. Жарылыстан жол бетінде үлкен шұңқыр пайда болған. Апат жылжымалы үйлер орналасқан ауданның маңында болғандықтан, жергілікті тұрғындар арасында да дүрбелең туындаған.
Куәгерлердің бірі ұшақ құлаған сәтте қатты жарылыс естілгенін, ал оның қалдықтары жақын маңдағы үйлерге дейін жеткенін айтқан.
600-ге жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді
Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, апаттан кейін жақын маңдағы 600-ге жуық тұрғын қауіпсіз жерге эвакуацияланған.
Оларға уақытша орналастыру орындары дайындалған.
Флорида губернаторы Рон Десантис жердегі тұрғындар арасында зардап шеккендер тіркелмегенін мәлімдеді.
Апат болған аумақта көлік қозғалысы шектеліп, құтқарушылар мен полиция қызметкерлері жұмыс жүргізді.
Ұшақ не себепті құлады?
Әуе апатының нақты себебі әзірге анықталған жоқ.
Авиациялық деректерге сәйкес, ұшақ апатқа дейін өте жылдам төмендей бастаған. Ұшқыштар диспетчерлерге биіктікті жоғалтып жатқанын хабарлаған. Сондай-ақ экипаж бұған дейін әуе кеңістігіндегі мұздану мен турбуленттілікке қатысты ақпарат бергені белгілі болды. Алайда қолайсыз ауа райының апатқа тікелей әсер еткені әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын АҚШ-тың Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі (NTSB) мен Федералдық авиация басқармасы зерттеп жатыр. Қаза тапқан адамдардың жеке басына қатысты толық мәлімет жарияланған жоқ.