13 жастағы қызға интимдік ұсыныс жасаған: Ақтауда мектеп күзетшісі күдікке ілінді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

АҚШ-та 60 жылдан кейін алғаш рет қылмыскер тікелей эфирде ату жазасына кесілмек

АҚШ-та 60 жылдан кейін алғаш рет қылмыскер тікелей эфирде ату жазасына кесілмек
фото: ашық дереккөз

АҚШ Қорғаныс министрлігінің өкілі бұл мәлімдемені растады.

АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет 2009 жылы Техас штатындағы Форт-Худ әскери базасында қарусыз 13 америкалық сарбазды өлтірген АҚШ армиясының бұрынғы әскери психиатры Нидал Малик Хасанның өлім жазасы көпшілікке тікелей эфирде көрсетілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz BBC басылымына сілтеме хабарлайды.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Хасанға шығарылған өлім жазасы үкімін орындауға бұйрық берген еді. 

"Адамдар мұны көре алуы үшін, көпшілікке қолжетімді болуы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Өйткені адамдар мұндай әрекеттердің салдары ауыр болатынын түсінуі керек", – деді Пит Хегсет.

Хегсет консервативті Real America's Voice телеарнасына берген сұхбатында Хасанның ату жазасына кесілетінін және солай болуы керегін айтты. 

Ал Трамптың өзі өлім жазасын көпшіліктің көз алдында орындауды қолдайтыны не қолдамайтыны әзірге белгісіз. Бірақ Пентагон өкілі Шон Парнелл бұған дейін Қорғаныс министрінің осындай ұсыныс жасағанын, ал Трамптың оны мақұлдағанын айтқан.

Хасан 3 желтоқсан күні Техас штатындағы Форт-Худ әскери базасында өлім жазасына кесілмек. Осылайша Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бері АҚШ-та алғаш рет әскери қызметкер ату арқылы өлім жазасына кесілмек.

Хасан өзі және бірге қызмет ететін сарбаздар Ауғанстанға жіберілуге бірнеше апта қалғанда Форт-Худ әскери базасында атыс бастаған. Ол медициналық орталықта әскери қызметкерлер медициналық тексеруден өтіп, екпе алуды күтіп отырған кезде сарбаздарға оқ атқан.

Сотта Хасан "барлық қателіктері" үшін кешірім сұрады. 2013 жылы өткен әскери сот барысында ислам дінін ұстанатын Хасан Ауғанстандағы мұсылмандар мен тәліптерді қорғадым деп есептейтінін айтқан.

Өлім жазасына кесілген сотталғандармен жұмыс істейтін заңгер Джон Миллстің айтуынша, қазір өлім жазасын көпшілікке тікелей эфирде көрсету бұрын-соңды болмаған жағдай. 

"Меніңше, мұны сұмдық көрініске айналдыру үшін жасап отыр. Бұл – қазіргі заманда бұрын-соңды болмаған шешім әрі құқықтық негізі нақты айқындалмаған жағдайда қабылданып отыр", – деді ол.

Әскери заңнамаға сәйкес, әскери қызметкерді өлім жазасына кесу үшін АҚШ президентінің мақұлдауы қажет. Сонымен қатар үкімді орындау үшін апелляциялық сот процесі аяқталуы керек. Бұл кезеңде жоғары тұрған сот төменгі соттың шешімін қайта қарап, оның заңдылығын растайды.

Миллстің айтуынша, Хасанның ісі бойынша апелляциялық процесс әлі аяқталған жоқ. Ол үкім мен жазаға қатысты федералдық сотқа шағым түсіріп, істі қайта қарауды талап етуі мүмкін. Заңгердің пікірінше, федералдық сот үкімнің орындалуын уақытша тоқтатуы ықтимал.

Миллс өлім жазасының жүзеге асатынына күмәнмен қарайтынын айтты.

"Ату жазасын тікелей эфирде көрсетуге тырысу – Трамп әкімшілігінің назар аудартуды көздеген амалы ғана. Мұның жүзеге асуы екіталай. Оның үстіне, бұл әділетсіздік", – деп қосты ол.

Кейбір штаттарда өлім жазасын орындау рәсіміне куәгерлердің қатысуы қарастырылған. Көптеген штатта журналистердің қатысуы міндетті, ал өлім жазасына кесілген адам рәсімге қатысу үшін өзі қалаған адамдарды шақыра алады. Сондай-ақ кейбір штаттарда қарапайым азаматтарға да өз еркімен өлім жазасын орындау рәсіміне куәгер ретінде қатысуға рұқсат етілген.

Алайда АҚШ-та өлім жазасын тікелей эфирде көрсету тәжірибесі ешқашан болмаған. Мұны АҚШ-тағы өлім жазасын орындау әдістерін зерттейтін Фордхэм университетінің заң профессоры Дебора Деннео мәлімдеді.

Әзірге тікелей эфирдің нақты қай жерде көрсетілетіні белгісіз.

АҚШ армиясындағы соңғы өлім жазасы 1961 жылы орындалған. Сол кезде 11 жастағы австриялық қызды зорлағаны үшін кінәлі деп танылған АҚШ армиясының қатардағы жауынгері дарға асылған. Өлім жазасына сол кездегі президент Дуайт Эйзенхауэр рұқсат берген. Жәбірленушінің отбасы оның мұрагері Джон Кеннедиге рақымшылық жасау туралы өтініш білдіргеніне қарамастан, үкім орындалған.

Ал АҚШ армиясында ату арқылы өлім жазасына кесудің соңғы оқиғасы 1945 жылдың қаңтарында, Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы айларында болған. Сол кезде АҚШ армиясының жас сарбазы Эдди Словик дезертирлік жасағаны үшін ату жазасына кесілген.

Президент Дональд Трамп өлім жазасын көпшілік алдында орындауды ашық қолдаған емес. Алайда ол ұзақ уақыттан бері өлім жазасын қолдап келеді. Ақ үйге қайта оралғаннан кейін Трамп өзінің алдындағы президент Джо Байден енгізген федералдық деңгейдегі өлім жазасына мораторийді тез арада жойып, өлім жазасын "қалпына келтіруге" және "қоғамдық қауіпсіздікті қорғауға" бағытталған жарлыққа қол қойған.

Автор
Айгерім Асылова

Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.