KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

“Әкімге қошемет” клипінің әні: Берік Уәлиге ән арнаған екі асабаның видеосы барлық желіден өшірілді

• Айжан Сыланова
Фото: ашық дереккөз

Семейлік екі асабаның Абай облысының әкімі Берік Уәлиге арнап ән орындаған видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Өңір әкімдігі жазбаға қатысты түсініктеме беріп, оның мемлекеттік органдарға қатысы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Әкімдік өкілдері видеоны көргеннен кейін авторлардан оны өшіруді сұраған. Жазба олардың Instagram және TikTok парақшаларынан алынғанымен, көшірмелері басқа платформаларда таралып кеткен.

Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Қасым әннің түсірілуіне немесе жариялануына мемлекеттік мекемелер тарапынан тапсырма берілмегенін атап өтті.

«Аталған бейнежазбаның облыс әкімдігіне, оның құрылымдық бөлімшелеріне немесе өңірдегі мәдениет мекемелеріне ешқандай қатысы жоқ. Оны түсірген азаматтар мемлекеттік органдардың немесе мәдениет ұйымдарының қызметкерлері емес. Бейнежазба жеке бастамамен әзірленіп, жарияланған. Облыс әкімдігі тарапынан мұндай мазмұндағы материалды түсіруге немесе таратуға ешқандай тапсырма берілген жоқ», – деді ол.

Әкімдік өкілі ақпарат тарату кезінде деректердің дұрыстығына көз жеткізіп, расталмаған мәліметтерді жарияламауға шақырды.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →