Сот отырысында шенеунік өзін отбасылы мемлекеттік қызметкер ретінде таныстырып, аты-жөнін жариялауға қарсы екенін жеткізді. Сондай-ақ тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді.
Прокурор Аманжоловтың айтуынша, оқиға 2024 жылдың 26 желтоқсанында әкімнің жұмыс кабинетінде болған.
«Әкім дауыс көтеріп, танысына ашуланған. Оның мойнын қысып ұстап, сол жақ басы мен мұрын тұсына бірнеше мәрте соққы жасаған. Нәтижесінде жәбірленушіге жеңіл дене жарақаты келтірілген», – деді прокурор.
Жәбірленуші әйел әкімдікке жеке мәселесін шешу үшін барғанын айтып, жанжал кезінде күш көрсетілгенін растады. Ол дәрігерге қаралып, мойнындағы жарақатқа байланысты шағым түсірген.
«Алғашында полиция арызымды дәлел жеткіліксіз деп қабылдамады. Кейін прокуратураға жүгіндім. Осыдан соң жергілікті блогерлер мен кейбір басшылар хабарласып, арызды қайтарып алуымды өтінді. Мұны мен жанама қысым деп қабылдадым», – деді ол.
Дәрігерлік анықтамада жарақат күні кеш жазылғаны белгілі болды. Бұл жайт медициналық қателік деп түсіндірілген.