Ирландияда өзінің бес баласына жыныстық зорлық көрсеткен ер адамның қызы оны кешіргенін айтты. Әйелдің айтуынша, әкесін түсінгісі келеді, деп хабарлайды kznews.kz Mirror басылымына сілтеме жасап.
48 жастағы Джессика Фаррелл — 70 жастағы әкесі Ноэль Фарреллдің құрбандарының бірі. Ер адам төрт қызы мен бір ұлына ұзақ жылдар бойы жасаған зорлығы үшін кінәсін мойындап, 20 жылға бас бостандығынан айырылған.
Қорқынышты оқиғалар Ирландияның Слайго аймағында 20 жыл бойы әртүрлі жерлерде болған. Джессика әділдік орнағанына жеңілдік сезінгенімен, сот үкімі шыққан сәтте әкесін залдан алып кеткенде жылап қалғанын жасырмады.
Ол небәрі үш жарым жаста болғанда әкесі тарапынан зорлық көре бастаған. Бір жолы туыстарының үйінде оны бөлек бөлмеге апарып, жәбір көрсеткен. Кейін әкесі оған ақша ұсынып, үндемеуді талап еткен. Төрт жасында Джессика қамқоршы отбасына берілген. Жылдар өткен соң ол әкесіне болған жағдайды айтқанда, ол екі жыл түрмеде отырып шықтым деп жалған мәлімет берген.
Virgin Media News арнасына берген эмоционалды сұхбатында Джессика:
«Мен онымен сөйлестім, содан кейін кешірдім десем болады. Мен басқалардан өзгешемін. Мен оны кешірдім және басқа қырынан көрдім. Ол өзгергендей болды. Бұрынғыдай әрекеттерді қайталамады», — деді.
Әкесін жақсы көресіз бе деген сұраққа ол:
«Мен оны кейін қандай адам болғаны үшін жақсы көремін. Иә, жақсы көремін. Мен олардың ішінде жалғыз шығармын. Жүрегім кеңірек шығар, мен жай ғана кешірдім», — деп жауап берді.
Әйел болашақта әкесімен қайта байланыс орнатқысы келетінін де айтты:
«Онымен сөйлесіп, көбірек білгім келеді. Оның өмірі, не бастан өткергені, неге бұлай жасағаны туралы. Өте көп жауапсыз сұрақтар бар», — деді ол.
Эфир барысында Джессиканың ағасы Кристофер Фаррелл да пікір білдірді. Ол бір жарым жасында әкесінің зорлығына ұшыраған.
Балалардың айтуынша, оларды бірнеше күн бойы бөлмеге қамап, тамақсыз қалдырған, тіпті тірі қалу үшін зәр ішуге мәжбүрлеген.
Әкесін кешіре аласыз ба деген сұраққа Кристофер:
«Ешқашан. Жоқ. Ол менің де, мен білетін ешкімнің де кешіріміне лайық емес. Біздің пікіріміз әртүрлі, бірақ мен үшін ол — құбыжық», — деп жауап берді.