Өзін 32 жыл бұрын төрт жігіт зорлап кеткенін мәлімдеген Наташа Қалымбетова Qasqa Jol YouTube арнасына берген сұхбатында бұл оқиғаны не үшін дәл қазір жария еткенін түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, әлеуметтік желідегі жазбасы арқылы психологиялық қолдау іздеп, өзіне ұқсас жағдайды бастан өткерген жандармен тәжірибе бөліскісі келген. Алайда жазба жарияланғаннан кейін іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаған.
«Осыған дейін мұндай жағдай тек менің басымнан өтті деп ойлайтынмын. Бірақ видеоны жариялағаннан кейін көптеген қыздың осындай қасіретті бастан өткергенін білдім», – деді ол.
Наташа Қалымбетова өзін зорлағандардың екеуін ғана танитынын, қалғандарының кім екенін нақты білмейтінін айтты. Оның сөзінше, бұл мәселені қазір полиция тексеріп жатыр.
Сұхбат барысында ол зорлық салдарынан дүниеге келген қызынан айырылып қалғанын да айтып, оның қазіргі тағдырынан бейхабар екенін жеткізді.
«Менің ішімді өртейтін бір нәрсе – қызымның қайда екенін білмеймін. Менің білетінім, ол үш жасқа дейін балалар үйінде болды», – деді ол.
Айтуынша, босанған кезде баспанасы мен тұрақты жұмысы болмағандықтан, сәбиін өз тәрбиесіне алуға мүмкіндігі болмаған.