Әнші Жанар Айжанова сахнада отбасылық қиындықтарын айтып, көз жасына ерік беретін өнер иелеріне қатысты өз ойын білдірді. Бұл туралы ол «Айтарым бар» подкастында әңгімеледі, деп хабарлайды kznews.kz.
Жанар Айжанова кейбір әріптестерінің концерт барысында өмірден өткен ата-аналарын еске алып, көзіне жас алатынын атап өтті. Алайда әншінің пайымынша, әр адамның өз қайғысы мен уайымы бар. Сол себепті өнер иесі көрерменнің көңіл күйін де ескеруге тиіс.
«Отбасындағы нәрсені жылап-еңіреп айтқан ұнамайды. Концертке шыққан кезде әріптестеріміз кейде қайтыс болған анасын, тағы бірдеңелерін айтып, көзіне жас алып жылап жатады. Менің түсінігімде, мен көрерменмін бе, сол әншіні жақсы көрдім бе, демалысқа келдім», – деді әнші.
Оның айтуынша, күнделікті тіршіліктен шаршап келген жұрт сүйікті әншісінің өнерін тамашалап, көңілін көтеріп, әннен рухани қуат алғысы келеді. Сондықтан сахнадағы әр сәт көрерменнің осы үмітін ақтауға бағытталуы керек.
«Мен де шаршап жүрмін. “Қайғысыз адам жоқ, күйесіз қазан жоқ”. Шаршап келгенде, мен соның әнінен өзіме рухани азық алып, көңілімді көтеріп, демалып кеткім келеді. Сахнаға шығып жылаған әріптестерді мен онша жақтай алмаймын», – деп түсіндірді Жанар Айжанова.
Сонымен қатар әнші кейде эмоцияға беріліп, еріксіз жылап қалатын өнер иелерін түсінуге болатынын жеткізді. Дегенмен ол арада бірнеше жыл өтсе де, концертте әкесін немесе анасын еске алып, соларға арнап ән айтатын жастардың әрекетіне қатысты көзқарасын ашық айтты.
«Бәрімізде әке-шеше жоқ. Бәріміз жылай берсек, не болады?» – деген әнші сахнадағы басты міндет – көрерменге көңіл күй сыйлау екенін атап өтті.
Жанар Айжанованың пікірінше, өнер иесі көрермен алдында қандай эмоция тудырса да, оған жауапкершілікпен қарауы керек. Әнші тыңдарманын жылатқысы келсе, мұны жеке қайғысын баяндау арқылы емес, өнерімен жеткізгені жөн. Ал жұртты күлдіргісі келсе, оны да шынайы өнерімен жүзеге асыруы қажет.