Ақмола облысында белгілі айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі Салтанат Өтелбаеваның қазасына себеп болған жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін ақынның жол апатынан қайтыс болғаны туралы хабар тараған еді. Қаралы хабарды оның әріптесі Марғұлан Оспанов әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізген.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 16 маусым күні таңғы сағат 07:00 шамасында Астана – Атбасар – Жақсы тасжолында болған. Апат Бастау ауылы маңындағы жолдың 231-шақырымында тіркелген.
Алдын ала дерек бойынша, Chevrolet Tracker көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Сол сәтте жеңіл көлік 1973 жылы туған ер адам басқарған КамАЗ жүк көлігімен соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан Chevrolet Tracker жүргізушісі мен 1978 жылы туған жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.
Аталған дерек бойынша соталды тергеу басталды. Полиция жүргізушілерді жолда сақ болуға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.