Белгілі айтыскер ақын Айтақын Бұлғақовқа өңеш қатерлі ісігі диагнозы қойылғаны анықталды. Бұл туралы оны емдеп жатқан клиника мәлім етті, деп хабарлайды Alash.kz.
Дәрігерлердің айтуынша, науқас медициналық көмекке дер кезінде жүгінген. Әсіресе, оның ұлы әкесінің жағдайына алаңдап, уақыт жоғалтпай ем іздеуге бар күшін салған. Алдымен ақын Түркиядағы екі клиникада тексеруден өткен. Кейін емді жалғастыру үшін басқа медициналық орталыққа жүгінген.
Клиника өкілдері бұл қадамды өмірді сақтап қалуға бағытталған маңызды шешім ретінде бағалап отыр. Олардың мәліметінше, қазіргі таңда науқастың жағдайында оң өзгерістер бар және толық сауығып кету мүмкіндігі жоғары.
"Уақтылы басталған ем, тәжірибелі дәрігерлер мен дұрыс тәсіл – адамға жаңа мүмкіндік береді", – дейді мамандар.
Қазіргі уақытта Айтақын Бұлғақов ем қабылдауын жалғастырып жатыр. Жақындарының айтуынша, ақынның рухы мықты, жанында оны қолдайтын отбасы бар.