Қайғылы жағдай туралы ол директордың орынбасары болып қызмет еткен музейдің басшысы хабарлады, деп жазады kznews.kz.
Liter.kz басылымының жазуынша, Қостанай облысындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мемориалдық музейдің директоры Марғұлан Оспанов өзінің орынбасары, айтыскер Салтанат Өтелбаева мен оның жұбайының қаза тапқанын хабарлады.
Ол Instagram парақшасында жазба жариялап, Салтанат Өтелбаева мен оның күйеуі Мырзабек Қасымов жол апатынан көз жұмғанын жеткізді.
"Бүгін қазақ тілінің жанашыры, мәдениет саласының көрнекті өкілі, тарих ғылымдарының магистрі, Ыбырай Алтынсарин атындағы музей директорының орынбасары Салтанат Өтелбаева мен оның жұбайы Мырзабек Қасымов жол апатынан қаза тапты. Жалғыз ұлы Нұрсұлтан таңғы сағат 9-да хабарласып: "Аға, әке-шешемнен айырылдым" деді", – деп жазды Оспанов.
Марқұмның әріптесі Салтанат Өтелбаеваның өмірін мәдениет пен музей ісіне, тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттауға арнағанын атап өтті.
"Өз саласының білікті маманы ретінде ол жоғары кәсібилігімен, жауапкершілігімен және ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленді. Оның жетекшілігімен музейде көптеген маңызды жобалар, көрмелер мен ғылыми зерттеулер сәтті жүзеге асты. Әріптестері арасында үлкен құрметке ие болған Салтанат Амантаевна ашық, мейірімді әрі парасатты адам еді. Оның адал еңбегі, отанға деген сүйіспеншілігі мен азаматтық ұстанымы келер ұрпаққа үлгі болып қала береді", – деп жазды ол.
Бұл қайғылы жағдай бұған дейін хабарланған жол-көлік оқиғасымен тікелей байланысты болып шықты. Апат 16 маусым күні шамамен сағат 07:00-де Ақмола облысындағы Астана – Атбасар – Жақсы автожолының 231-шақырымында болған.
Полиция мәліметінше, тасжолда КамАЗ жүк көлігі мен жеңіл көлік соқтығысқан. Жол апаты салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.
Сондай-ақ тағы екі адамның жарақат алып, түрлі дене жарақатын алғаны хабарланды. Оларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Алдын ала ақпарат бойынша, Қостанайда тіркелген жүк көлігі Астана бағытына карьер жұмыстарына арналған шамамен 20 тонна жарылғыш зат тасымалдап бара жатқан. Жүргізушінің қауіпті жүк тасымалдауға рұқсаты болған, көлік салонында күзетші де отырған.
Болжамдардың біріне сәйкес, Chevrolet Tracker маркалы жеңіл көлік қарсы бағытқа шығып кетіп, КамАЗ-бен бетпе-бет соқтығысқан. Жеңіл көлік жүргізушісінің рөлде ұйықтап кетуі де жоққа шығарылмайды.
Апаттан кейін жарылыс та, өрт те болмағаны айтылды. Оқиға орнында төтенше жағдай қызметтері жұмыс істеп, аумақ күзетке алынған. Жол апаты бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.