Белгілі айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов денсаулығына байланысты күрделі кезеңді бастан өткергенін айтып, көпшілікпен сыр бөлісті, деп хабарлайды kznews.kz.
Ақын күтпеген жерден ауыр дертке шалдыққанын және бұл хабардың отбасы үшін үлкен соққы болғанын жеткізді.
Айтуынша, диагноз қойылғаннан кейін жақындары қатты алаңдап, отбасы ұзақ уақыт үміт пен күдіктің арасында болған. Осындай қиын кезеңде балалары мен туған-туыстары оған барынша қолдау көрсетіп, жалғыз қалдырмаған.
«Адамның басына не келіп, не кетпейді?! Күтпеген жерден ауыр дертке шалдықтым. Бұл хабарды естігенде төбемізден жай түскендей болды. Отбасымыз үшін өте ауыр кезең еді. Бірақ дәл сол сәтте балаларым жанымнан табылып, бір сәтке де жалғыз қалдырмады», – деп жазды ақын.
Айтақын Бұлғақовтың айтуынша, ол Үндістанда екі жарым ай бойы ем қабылдаған. Дәрігерлердің көмегі мен жақындарының қолдауының арқасында денсаулығының оңала бастағанын айтты.
Ақын қазіргі таңда әрбір күннің қадірін бұрынғыдан да терең сезінетінін айтып, өзіне дұға жасап, қолдау білдірген барша ағайынға алғысын жеткізді.
«Алланың қалауымен, дәрігерлердің еңбегі және жанашыр жандардың ақ тілегінің арқасында дерттің беті қайтқандай. Осындай қиын сәтте жанымнан табылған перзенттеріме және дұға тілеген барша жұртқа шексіз ризашылығымды білдіремін. Алла ешкімге мұндай сынақ бермесін», – деді ол.