KZNEWS.KZ
Қоғам

«Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады»: Бағдат Мусин мен Жаслан Мадиевтің көбік уәдесі мен ақсап тұрған цифрландыру

Айгерім Асылова
Фото жасанды интеллект көмегімен жасалған

     Десе де, «баяғы жартас – бір жартас» кейпінде қалып жатқан өзекті мәселелер халықтың титығына әбден тиді. Бағдат Мусин АҚ «Қазақтелеком» тізгінін ұстап, Жаслан Мадиев ЖИ және инновациялар министрлігін басқарып, Қазақстанды Әлемдік ЖИ-хабқа айналдырамыз деп байбалам салғанымен, ел ішіндегі қарапайым халықтың күнделікті тұтынып отырған байланыс сапасы да, миллиардтаған қаржыны жұтқан жобалар да көптің көкейінде үлкен күмән ұялатады. Әсіресе, мемлекет қазынасынан 3,9 миллиард теңге бөлініп, үлкен үміт артқан KazLLM ұлттық тілдік моделінің айналасындағы дау-дамай мен елдегі нашар интернет сапасы – арбасын асықпай айдаған цифрландыру саласының ақсап тұрған ащы шындығын паш етеді.

      «Айтылған сөз – атылған оқ» демекші, бұл жобаны тіпті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі сынға алып, оның тиімділігі мен дайындық деңгейіне үлкен күмән келтірді. Осыншама қомақты қаржы, яғни 3,9 миллиард теңге халықтың қалтасынан бөлінгенде, нәтижесінде су ішінде сұлбасы бар, өзі жоқ әлдебір шикі дүние пайда болды. Отандық ЖИ моделін жасау идеясы қағаз жүзінде тамаша көрінгенімен, іс жүзіне келгенде «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарадының» кейпін киді. Тілдік модельді дамыту үшін тек суперкомпьютер мен қаржы ресурстары емес, ең алдымен сапалы әрі ауқымды деректер қоры керек еді. Ал біздегі цифрлық инфрақұрылым мұндай салмақты көтеруге дайын болмай шықты. Нәтижесінде, қаржының қайда кеткені, жұмсалған әрбір теңгенің қайтарымы қалай болатыны жұмбақ күйінде қалып, цифрлық жобаларды жоспарлаудағы жауапсыздық бармақ басты, көз қыстыға салынғандай әсер қалдырады.
Жоғарыда заулаған ЖИ-хаб туралы әңгімелерді естіп, аспандағы айды иеленеміз деп жүргенде, жердегі халық қарапайым мобильді интернеттің азабын тартып жүргені жасырын емес. Халықаралық Speedtest Global Index рейтингіне көз жүгіртсек, Қазақстан мобильді интернеттің орташа жылдамдығы бойынша әлемде 60-тан астам елдің соңында қалып, орташа жылдамдықты әрең ұстап отыр. Ал ел ішіндегі қамту деңгейі мен тұрақтылығы тіпті сын көтермейді. Астана сияқты бас қаланың өзінде интернет жылдамдығы секундына 30-40 Мбит/с деңгейінен аспай, тұрғын үй кешендерінде байланыс мүлдем үзіліп жатады. Цифрлық алпауытпыз деп есеп беретін «Қазақтелеком» мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі цифрландыру деңгейі 90%-дан асты деп статистиканы сөйлеткенімен, бұл цифрлар халықтың шынайы жағдайымен мүлдем қабыспайды.
       Ел ішіндегі байланыс сапасын реттеу мен бұл түйінді тарқату ең алдымен бәсекелестікті дамытуға жауапты монополияға қарсы агенттікке және реттеуші орган ретінде министрлікке тікелей жүктеледі. Нарықтағы монополияны жоймай, телекоммуникация операторларының арасында шынайы бәсеке қалыптастырмайынша, интернет сапасы реттелмейді. Қазіргі таңда инфрақұрылымды жаңарту, 5G желісін енгізу үшін операторлардан жүздеген миллиард теңге инвестиция талап етілуде. Бірақ тарифтердің үздіксіз қымбаттауына қарамастан, қызмет көрсету деңгейі өсер емес. Телеком операторлары айыппұл төлеп құтылғанды артық көрсе, министрлік жазалау тетіктерін одан әрі қатаңдатуы тиіс.
        Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келгенде, бір жобаны аяғына дейін жеткізбей, баяғы таз кепешін киіп, жаңадан миллиондаған жобаларды бастау – мемлекеттік қаржыны желге ұшырумен тең. Алдымен қарапайым халықты сапалы әрі тұрақты интернетпен қамтамасыз етіп, KazLLM жобасына жұмсалған 3,9 миллиард теңгенің әр тиыны бойынша ашық есеп беріліп, инфрақұрылымның негізі мықты қаланғаны дұрыс. Сонда ғана Қазақстанның ЖИ-хабқа айналуы туралы айтуға әбден болады, әйтпесе бұл тек қағаз жүзіндегі құрғақ уәде түрінде қала бермек.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →