Иранды 37 жыл бойы басқарған Әли Хаменеи қайтыс болғаннан кейін елдегі билік құрылымында өзгеріс болды. Қазіргі таңда 67 жастағы Әлиреза Арафи мемлекет басшылығын уақытша өз қолына алды, деп хабарлайды kznews.kz.
Иранның билік жүйесі қалай құрылған?
Иран Ислам Республикасында ең жоғарғы билік иесі – Жоғары көсем, яғни аятолла. Елде президент қызметі болғанымен, негізгі саяси және әскери тетіктер тікелей Жоғары көсемнің бақылауында. Аятолла міндетті түрде терең діни білімге ие болуы тиіс.
"Аятолла" атағы шииттік исламдағы ең жоғары діни мәртебе саналады. Араб тілінен аударғанда бұл сөз "Алланың белгісі" немесе "Алланың дәлелі" деген мағынаны білдіреді. Жоғары көсем елдегі сот, заң шығарушы және атқарушы билікке, сондай-ақ қарулы күштерге ықпал етеді.
Жоғары көсем қайтыс болған жағдайда, уақытша басқару үшін үш адамнан тұратын кеңес құрылады. Қазіргі кеңес құрамында Үлемдер кеңесінің өкілі Әлиреза Арафи, Иран президенті Масуд Пезешкиан және сот жүйесінің басшысы Голам-Хосейн Мохсени-Эжеи бар.
Бұл кеңес жаңа көшбасшыны таңдау үдерісін ұйымдастыруы тиіс. Алайда сайлау жалпы халықтық дауыс беру арқылы өтпейді. Жаңа Жоғары көсемді 88 мүшеден тұратын Сарапшылар кеңесі жабық форматта сайлайды. Кандидат үштен екі дауыс жинаған жағдайда ғана елдің жаңа көшбасшысы болып бекітіледі.
Әли Хаменей мұрагер ретінде кімді қарастырды?
Халықаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Әли Хаменеи өзінен кейінгі ықтимал мұрагерлер ретінде үш дін қызметкерін белгілеп кеткен. Дегенмен уақытша басқару міндеті Әлиреза Арафиге жүктелді.
Әлиреза Арафи – Ирандағы беделді діни және қоғамдық қайраткер, Үлемдер кеңесі төрағасының орынбасары. Ол Хаменеидің саяси бағытын қолдайтын тұлғалардың бірі саналады.
Арафи уағызшы отбасында дүниеге келген. 11 жасында әкесі оны шииттік теология орталығы саналатын Құм қаласына оқуға жіберген. Сол жерде ол діни білім алып, кейін ирандық діни құрылымда маңызды қызметтерге көтерілді.
Әли Хаменеи оның мансаптық өсуіне ерекше ықпал еткен. Арафиге елдегі білім мен мәдениет саласын исламдандыру бағыты сеніп тапсырылған. Ол Ирандағы медреселер жүйесін басқарған және шииттік ілімді шетелде насихаттау ісіне жауапты болған.
Арафи ағылшын тілін еркін меңгерген, 24 кітап пен ғылыми мақаланың авторы ретінде белгілі.
Еске салайық, Иранды 37 жыл басқарған Аятолла Әли Хаменеи 1 наурыз күні АҚШ пен Израиль тарапынан жасалған шабуыл кезінде қаза тапқаны хабарланған.