Бүгін өткен партия съезінде елдің қоғамдық-саяси дамуы, әділетті қоғам қалыптастыру және ұлттық құндылықтарды нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Жиынға қатысқан делегаттар қазіргі Қазақстанның даму бағытына қатысты пікір білдіріп, реформаларды қолдау қажеттігін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Партия съезіне қатысқан делегат, Қызылорда облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұрбек Дауренбековтің айтуынша, съезде көтерілген бастамалар мен идеологиялық ұстанымдар елдегі қоғамдық сұраныспен үндесіп отыр.
– Бүгінгі партия съезі еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды алаңдардың біріне айналды деп есептеймін. Жиында көтерілген бастамалар мен идеологиялық ұстанымдар қазіргі Қазақстанның даму бағытымен тікелей үндесіп жатыр. Әсіресе әділетті қоғам қалыптастыру, заң мен тәртіп қағидатын күшейту, еңбекқорлық пен жауапкершілікті ұлттық құндылық деңгейіне көтеру мәселелері өте өзекті. Партияның бұл бағыттағы ұстанымы қоғамдағы сұранысқа толық жауап береді деп ойлаймын, – деді ол.
Делегат қазіргі геосаяси жағдайда қоғамның бірлігі мен жауапкершілігі ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
– Бүгінгі таңда әлемде геосаяси тұрақсыздық күшейіп, мемлекеттер үшін жаңа сын-қатерлер пайда болып жатқан кезеңде Қазақстанға бірлік пен нақты әрекет қажет. Осындай уақытта елдің болашағына бейжай қарамайтын, кәсіби тәжірибесі мен азаматтық ұстанымы бар адамдардың ортақ мақсат жолында бірігуі маңызды. Съезде осы мәселелер ашық айтылды. Партия өзін тек саяси ұйым ретінде емес, реформаларды қолдайтын, елдің жаңаруына нақты үлес қосуды көздейтін жауапты күш ретінде танытты, – деді Нұрбек Дауренбеков.
Ол съезде популизмнен гөрі кәсібилік пен нақты нәтижеге басымдық берілгенін ерекше атап өтті.
– Қоғамда көп жағдайда бос ұрандар мен эмоциялық мәлімдемелер көбейіп кеткені жасырын емес. Ал бүгінгі съезде нақты еңбек, білім, ғылым, технология, ұлттық мүдде және азаматтық жауапкершілік туралы айтылды. Бұл – елдің ұзақмерзімді дамуына негіз болатын маңызды бағыттар, – деді делегат.
Сонымен қатар ол жаңа Қазақстанды қалыптастыру ісінде қоғамның рөлі айрықша екенін жеткізді.
– Біз жаңа Қазақстанды тек мемлекеттің күшімен емес, қоғам болып құра аламыз. Сондықтан әр азаматтың ел алдындағы жауапкершілігін сезінуі маңызды. Партия ұсынған құндылықтар – әділет, патриотизм, еңбекқорлық, жауапкершілік пен прогресс – тек саяси ұран емес, болашақтың темірқазығына айналуы тиіс деп ойлаймын. Бүгінгі съезд осы бағыттағы нақты қадамдардың бастамасы болды, – деді партия съезіне қатысқан делегат.
Айта кетейік, съезде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық тұрақтылықты нығайту және саяси реформаларды қолдау бағытындағы бастамалар көтерілді.