Кейінгі кезде өзін нейробиолог ретінде таныстырып жүрген Ахметбек Нұрсила ораза ұстау кезінде адам ағзасында болатын өзгерістер жайлы пікір айтып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Sn.kz.
Айтуынша, ашығу кезінде қан қоюланып, оның соңы ауыр жағдайға дейін апаруы мүмкін.
«Жаздың күні ораза кезде адамдар шыбынша қырылады. Ауруына ауру жамайды. Неге десеңіз, жазда күн өте ұзақ әрі ыстық. Қаның қоюланады, одан кейін холестерин жиналады. Содан инсульт, инфаркт алу қаупі 100 есе артады. Өйткені, қанның 90% су. Сен су ішпегеннен кейін сөйлеген кезде аузыңнан дем шығады, терлеген кезде сонымен бірге кетеді. Қаның одан сайын қоюланады. Әрине, денсаулығы, болмысы мықты адам шыдап кетеді. Ал денсаулығы әлсіз адамда инсульт немесе инфаркт болады. Сондықтан ашыққан кезде сусыз емес, су ішіп ашығу керек. Имамға былай айтыңыз: Екі жолы бар. Мен ораза ұстағым келеді бірақ су ішіп ашығайын. Болмаса толық ашығайын, ауырсам, ауырайын. Қалай жауап береді көріңіз. Ауырмасаң, арам қат. Бәрібір ашық десе, ары жүр деңіз. Ал су ішіп ашық десе ашығыңыз. Су ішу керек, онсыз өмір жоқ», — дейді ол.
Желіде тараған видео бірер күннің ішінде 200 мыңнан аса қаралым жинап, қолданушылардың пікірін қақ жарды. Көпшілік оның бұл тұжырымына күмән келтіріп, түрлі уәжін алға тартқан.
«Бұрын бизнесті үйрететін едіңіз, енді медицинаға көштіңіз ба? Оттай бермеңіз», «Шілденің ыстығында да ұстадық, қырылған ешкім жоқ», «Өмір бойы ыстық болатын араб елдерінде ешкім қырылмайды ғой. Өтірікті қалай айтасыңдар», «Бояушы бояушы деген сайын сақалын бояптыға келіп тұрсың», — деп жазды олар.