Бұрынғы депутат, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың басшысы Ринат Зайыт айтыскер Мақсат Аханов төңірегіндегі дауға қатысты пікір білдірді. Ол Adal ADAM YouTube арнасына берген сұхбатында ақынды айтыстан шеттетуге негіз жоқ деп санайтынын жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
«Мақсат кімге не деді? Айтыста ұлтараздықты қоздыратын, мемлекетке тіл тигізетін сөз айтса, шеттетуге болатын шығар. Мақсат бір адамға тиетін сөз айтпады. “Адайдың шалдары” деген – күнделікті қолданыстағы сөз», – деді ол.
Сондай-ақ сұхбат барысында бұрынғы депутат әлеуметтік желіде тараған, Мақсат Ахановтың сахнадағы әрекеті түсірілген видеоға қатысты да ойын ортаға салды.
«Мақсат Ахановтың бар істегені сахнада мас болып қалғаны ма? Мен, керісінше, сол видеоны көріп қызықтым. Осылай еркелеп жүре беру керек еді. Одақ Мақсатты қорғап қалуы керек еді», – деді Ринат Зайыт.