Әлем

57 жастағы ер адам марқұм анасы секілді киініп, 3 жыл бойы оның зейнетақысын алып жүрген

Қайсар Қанат Қайсар Қанат
57 жастағы ер адам марқұм анасы секілді киініп, 3 жыл бойы оның зейнетақысын алып жүрген
ашық дереккөзден

Италияда бір ер адам анасының мәйітін үш жыл бойы жасырып, зейнетақысын алып келгені анықталды, деп хабарлайды kznews.kz.

Дереккөздің мәліметінше, Италияның солтүстігіндегі Мантуя провинциясында полиция 57 жастағы ер адамды әшкерелеген. Ол өз анасы қайтыс болғаннан кейін де оның зейнетақысын алу үшін мәйітті жасырып келген. Оқиға Альфред Хичкоктың "Психо" фильміне ұқсас сюжетімен жұртты таңғалдырған. Бұл жайт Борго-Вирджилио атты шағын қалашықта болған.

Тергеу деректеріне сәйкес, әйел 2022 жылы көз жұмған. Алайда медициналық қызметкер болып істейтін ұлы бұл фактіні жасырған. Ауылдық жерде жалғыз тұрғанын пайдаланған ол марқұмның атына аударылып отырған зейнетақыны банк шотынан алып отырған.

Анасының жеке куәлігінің мерзімі аяқталған кезде, ер адам құжатты өзі ұзартуға тырысқан. Ол муниципалдық мекемеге әйелдің киімін киіп, парик тағып, бетіне бояу жағып барған. Өзін марқұм анасы ретінде таныстырмақ болғанымен, қызметкерлер оның әрекетін бірден байқап, полиция шақырған.

Тексеру барысында үйден қарт әйелдің мәйіті табылған. Мәйіт қонақ бөлмеде болған, ал Stampa газеті дене жертөледе сақталғанын жазады. Тергеу нұсқасына сәйкес, ер адам кәсіби білігін пайдаланып, мәйіттен сұйықтықтарды алып тастаған. Өлімнің нақты себебі мен уақыты сот-медициналық сараптама арқылы анықталмақ.

Қазіргі таңда жергілікті прокуратура медициналық қызметкерге мәйітті жасыру, жеке тұлғаны қолдан жасау, зейнетақы қорын алдау және жалған құжат жасау баптары бойынша айып тағып отыр.

Айта кетейік, Италияда мұндай жағдайлар бұрын да тіркелген. 2024 жылдың маусымында Бриндизи қаласында бір тұрғын анасының мәйітін мұздатқышта сақтап, ай сайын 1200 еуро зейнетақы мен әлеуметтік төлем алып отырғаны үшін 1 жыл 8 айға сотталған. Ал 2024 жылдың тамызында Сардиния аралында карабинерлер тағы бір қарт әйелдің мәйітін тапқан – оның ұлы да мәйітті мұздатқышта жасырған болып шыққан.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz