Қоғам

“5 секундтық видео үшін 1,5 миллион сұрады”: Блогер Балалар үйіне барудан бас тартқан әншілер туралы шындықты жайып салды

“5 секундтық видео үшін 1,5 миллион сұрады”: Блогер Балалар үйіне барудан бас тартқан әншілер туралы шындықты жайып салды
Фото: ашық дереккөз

Белгілі блогер Алексей Лодочников әлеуметтік желіде жазба жариялап, бірқатар танымал әншілердің жетім балаларға арналған әлеуметтік бастамадан бас тартқанын ашық айтты, деп хабарлайды kznews.kz.

Оның сөзінше, ол жуырда өткен «Жұлдыз болғым келеді» байқауы аясында шоу-бизнес өкілдеріне арнайы хабарласып, жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне қолдау көрсетуге шақырған. Блогер әншілерді қазылық құрамына қатысып, балалармен бірге ән айтуға немесе кем дегенде шағын видео-сәлем жолдауға өтінген.

Алайда көптеген әртістер ұсынысқа қызығушылық танытпаған. Кейбірі хабарламаны мүлде оқымаған, ал жауап бергендерінің басым бөлігі жоғары гонорар талап еткен.

«Тіпті 5 секундтық видео үшін 500 мың теңгеден бастап, 1–1,5 миллион теңгеге дейін баға айтты. Бұл – балаларға арналған әлеуметтік жоба екенін ескерген ешкім болмады», – деп жазды Лодочников.

Блогер әсіресе жас орындаушыларға ренішін білдіріп, танымалдылық пен табыс әлеуметтік жауапкершілікті ұмыттыруға тиіс емес екенін атап өтті.

«Бір-екі әнмен жұлдыз болып кеттік деп ойламаңыздар. Сіздерді тыңдайтын, сіздерге еліктейтін балалар бар. Осындай кезде қолдау көрсетпегендеріңіз ұят», – деп түйіндеді ол.

Алексей Лодочников нақты есімдерді атамағанымен, бұл жазба желіде қызу талқыланып, өнер адамдарының қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы пікірталас тудырды.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz