KZNews.kz
Жаңалықтар

−35°С-қа дейін аяз, қар мен көктайғақ күтіледі: Ақпанда ауа райы қандай болады

Дархан Тоқан
Фото: sputnik.kz

«Қазгидромет» ақпан айына арналған ұзақмерзімді болжамын жариялап, Қазақстанның бірқатар өңірінде қатты аяз, қар, боран және көктайғақ қаупі жоғары екенін ескертті, деп хабарлайды Kznews.kz.

Синоптиктердің мәліметінше, елдің басым бөлігінде айлық орташа температура климаттық нормадан 1–2 градусқа жоғары болуы ықтимал. Ал оңтүстік-шығыста ауа райы ақпанға тән қалыпты деңгейде сақталады.

Ең суық кезең айдың басы мен ортасына тұспа-тұс келеді. Суық ауа толқындары батыс, солтүстік, орталық және шығыс аймақтарды қамтып, түнгі температураны −21…−30 градусқа дейін түсіруі мүмкін. Шығыстың таулы өңірлерінде аяз одан да күшейеді. Мамандар ақпанда ауа температурасы жиі құбылып, қысқа мерзімді жылымық қайтадан қатаң аязға ұласатынын айтады.

Айдың алғашқы күндері батыс және солтүстік-батыста, әсіресе Ақтөбе облысында күрт суыту күтіледі: түнде −28 градусқа дейін, күндіз −23 градусқа дейін төмендеуі ықтимал. Онкүндіктің ортасына қарай аяз біртіндеп бәсеңдеп, күндіз кей аумақта температура нөлге жуықтайды.

Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде ауа райы тұрақсыз болады: күндіз әлсіз аяз бен плюстік мәндер алма-кезек ауысып, түнге қарай қайта суытып, −28 градусқа дейін жетуі ықтимал.

Оңтүстікте ақпан салыстырмалы түрде жұмсақ өтеді. Түнгі уақытта әлсіз аяздан +5 градусқа дейін құбылса, күндіз ауа +8…+17 градусқа дейін жылынады. Түркістан облысында айдың алғашқы жартысында-ақ тұрақты плюстік температура орнауы мүмкін.

Айдың екінші жартысында жалпы ел аумағында біртіндеп жылыну байқалады: оңтүстік және оңтүстік-шығыста ауа температурасы шамамен 4 градусқа көтерілсе, басқа өңірлерде орта есеппен 1 градусқа өседі.

Жауын-шашын көлемі көп бөлікте норма шегінде – 6–27 миллиметр шамасында болады. Оңтүстік пен шығыстың таулы және тау бөктеріндегі аймақтарында жауын-шашын бірнеше есе көп түсуі ықтимал. Солтүстікте жауын-шашын негізінен қар түрінде жауса, оңтүстікте қар аралас жаңбыр күтіледі.

“Айына орта есеппен 10-12 күн қар мен жаңбыр жауады. Ал шөлді аймақтарда бұл көрсеткіш төмен болады. Түркістан облысында жауын-шашынның едәуір бөлігі аралас күйде түседі.

Ақпан айының соңына қарай солтүстікте қар жамылғысының қалыңдығы 15–35 сантиметрге, оңтүстікте 15 сантиметрге дейін жетеді. Таулы аймақтарда қардың қалыңдығы екі метрге дейін баруы мүмкін. Оңтүстік өңірлерде тұрақты қар жамылғысы айдың екінші жартысында-ақ ери бастайды”, – делінген хабарламада.

Желдің орташа жылдамдығы ел бойынша секундына 7,5 метрге дейін жетеді. Дегенмен Каспий маңы, Мұғалжар төңірегі және асулы аймақтарда екпін күшейіп, жолдағы жағдайды қиындатуы мүмкін.

Синоптиктер боран, тұман және көктайғақ қаупін ерекше атап өтті. Ақпан айында ауа райы жиі құбылатындықтан, жүргізушілерге де, жаяу жүргіншілерге де барынша сақ болған жөн.

Дархан Тоқан
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →