Жақында әлеуметтің көңіл күйін көрсететін бір маңызды сауалнама жарияланған еді. Ондағы пікірлер қоғамдағы табысқа деген көзқарастың өзгергенін де аңғартты.
Мысалы, Ұлттық статистика бюросының зерттеуіне сәйкес, ел тұрғындарының 28,5 пайызы өзін кедей сезінбеу үшін бір адамға айына кемінде 320 мың теңге қажет деп есептейді екен.
Жалпы, бұл көрсеткіш жай ғана сан емес. Ол халықтың күнделікті өмір құнына, баға деңгейіне және қаржылық қауіпсіздікке деген талабын көрсетеді. Өйткені, бүгінгі таңда табыс тек азық-түлік сатып алумен шектелмейді. Тұрғын үй ақысы, коммуналдық төлемдер, көлік шығыны, балалардың білімі, медицина және жинақ жасау мүмкіндігі де отбасы бюджетінің маңызды бөлігіне айналды.
Егер бір адамға қажетті табыс 320 мың теңге деп есептесек, төрт адамнан тұратын отбасының айлық кірісі кемінде 1,28 миллион теңге болуы керек деген қорытынды шығады. Бұл көрсеткіш елдегі нақты жалақы деңгейімен салыстырғанда халықтың күткен мүмкіндігі мен экономикалық шындық арасында айырмашылық бар екенін байқатады.
Осы жерде орташа жалақы мен халықтың сезімі арасындағы алшақтық туралы сөз қозғауға тура келеді. Ресми статистика бойынша, Қазақстанда орташа айлық атаулы жалақы 2026 жылдың I тоқсанында 461,5 мың теңге, ал медианалық жалақы 331,5 мың теңге болды. Алайда, орташа көрсеткіш барлық азаматтардың нақты табысын толық көрсете бермейді. Себебі жоғары жалақы алатын салалардағы кірістер жалпы орташа деңгейді көтереді. Ал медианалық жалақы дегеніміз еңбеккерлердің жартысы осы сомадан аз, жартысы көп табыс табатынын көрсететін шынайырақ өлшем болып отыр.
Осы тұрғыдан алғанда, ел тұрғындары атаған 320 мың теңге медианалық жалақыға өте жақын. Яғни, сауалнама нәтижесі ресми статистикадағы табыс құрылымымен үндеседі. Басқаша айтқанда, көптеген қазақстандықтар өзін "кедей емеспін" деп сендіру үшін шамамен бір адамның толыққанды өмір сүруіне жететін медианалық табыс деңгейімен тең табыс табуға тиіс.
Екіншіден, инфляция өсімінің адамдардың қалтасына қысым жасайтынын ұмытпауымыз керек. Яғни, халықтың табыс туралы түсінігінің өзгеруіне негізгі себептердің бірі бағаның өсуі болғаны анық.
Ресми мәлімет бойынша, 2026 жылдың қаңтарында Қазақстандағы жылдық инфляция 12,2 пайызды құрады. Оның ішінде азық-түлік тауарларының бағасы бір жылда 12,9 пайызға, ақылы қызметтер 12 пайызға, азық-түлік емес тауарлар 11,7 пайызға өсті. Демек, ақша көлемі артқанымен, оның сатып алу қабілеті төмендесе, халық өзін бұрынғыдай қамтамасыз етілген адам ретінде сезінбейді. Сондықтан азаматтардың табысқа қатысты болжамының өсуі ең алдымен инфляциялық қысымның салдарынан болуы кәдік. Мысалы, бірнеше жыл бұрын орта тапқа жеткілікті саналуы мүмкін табыс көлемі бүгінде тұрғын үй жалдау, азық-түлік және қызмет көрсету бағаларының өсуіне байланысты жеткіліксіз көрінуі мүмкін.
Үшіншіден, елдегі уедейлік шегі мен адамдардағы әлеуметтік сезімнің айырмасы жер мен көктей екенін де ескерілге тиіс. Ал экономикада ресми кедейлік деңгейі мен халықтың өзін кедей сезінуі бір ұғым болып саналмайды. Ресми көрсеткіштер адамның ең төменгі қажеттіліктерін өтеу мүмкіндігін бағалайды. Ал азаматтардың субъективті бағасы өмір сапасына қатысты кеңірек түсінікті қамтиды.
Қазіргі қоғамда адам тек тамақ пен киімге ақша жеткізуді емес, сапалы өмір сүру мүмкіндігін күтеді. Бұған баспана мәселесі, демалыс, білім беру, денсаулық сақтау және болашаққа қаржы жинау жатады.
Сондықтан 320 мың теңге туралы тұрғындардың жауабы халықтың әлеуметтік стандартының өзгеріп жатқанын көрсететін белгі.
Әлбетте, бұл жердегі негізгі мәселе табыстың көлемі ғана емес, оның тұрақтылығында. Сол себептен де қазіргі Қазақстан экономикасы үшін басты міндеттердің бірі халық табысын арттырумен қатар, оның нақты құнын сақтау болып қала береді.
Тоқетерін айтқанда, бұл жерде жалақының номиналды өсуі жеткіліксіз. Егер баға одан жылдам өссе, азаматтардың тұрмыс деңгейі жақсармайды. Осы себепті сарапшылар еңбек өнімділігін арттыру, жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту және тұрақты жұмыс орындарын көбейту қажеттігін үнемі айтып келеді.