Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәжіліс кулуарында декларациясына қатысты сауалға жауап беріп, өткен жылы табысының жалғыз көзі министр ретінде алатын жалақысы болғанын айтты, деп хабарлайды Kznews.kz.
«Мен саяси мемлекеттік қызметшімін. Декларациямды заңнама талаптарына сәйкес тапсырдым. Егер сіз қосымша табыс туралы айтып отырсаңыз, онда өткен жыл бойынша жалғыз табыс көзі — менің министр ретіндегі жалақым. Тиісінше, қосымша табысым жоқ», — деді министр.
Шенеунік журналистермен әңгіме барысында ай сайынғы жалақы мөлшерін де нақтылап өтті. Оның сөзінше, айлық табысы шамамен 1,2 миллион теңге. Сонымен бірге ол декларацияда заңнамада көзделген сыйақы төлемдері де көрсетілгенін айтты.
Ал бір жылда декларацияланған жалпы табыс сомасы туралы сұраққа Ерлан Ақкенженов оның 20 миллион теңгеден сәл асатынын жеткізді.