Тергеу нұсқасына сәйкес, Қырғызстан азаматы шетелдіктерді Қазақстан шекарасына дейін жеткізген. Ал ел аумағында оны сыбайластары күтіп алып, әрі қарай Алматыға тасымалдаған. Осылайша, күдіктілер адамдардың Қазақстанға ресми өткізу бекеттерінен тыс жерден өтуін ұйымдастырған.
Жамбыл облысы Қордай ауданында шетел азаматтарын Қазақстанға заңсыз өткізу арнасын ұйымдастырған төрт адам ұсталды. Тергеу барысында белгіленген өткізу пункттерінен тыс Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен Қырғызстан мен Өзбекстанның 10 азаматы анықталды, деп хабарлайды kznews.kz
Оқиғаға қатысты тергеу Қордай ауданы прокуратурасының үйлестіруімен жүріп жатыр. Іске Ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының қызметкерлері де тартылған.
Тергеу барысында заңсыз көші-қон биыл мамыр мен шілде аралығында жүзеге асқаны анықталған. Қазақстанға заңсыз кіргендердің арасында Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтары бар. Күдіктілердің төртеуі де ұсталды. Олардың үшеуі – Қазақстан, біреуі – Қырғызстан азаматы. Сот оларға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған.
Қазір бұл іс бойынша Қылмыстық кодекстің 394-бабының 2-бөлігімен (Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Прокуратура тергеу барысына қатысты басқа мәліметтерді жариялаған жоқ.
“Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды”, – делінген хабарламада.
Прокуратура Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту мен заңсыз көші-қон ұйымдастырудың қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.
Тергеу жалғасып жатыр.