Financial Times: Теңге - Еуропа мен Азиядағы ең тегеурінді валюта
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

1 қыркүйектен бастап мектептерде не өзгереді?

1 қыркүйектен бастап мектептерде не өзгереді?
Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстан мектептерінде 2026-2027 оқу жылы бірқатар жаңашылдықпен басталмақ. Бастауыш сыныптарда бағалау тәсілі өзгереді, жасанды интеллект оқу мазмұнына тереңірек енгізіледі, құқықтық тәрбиеге арналған жаңа курстар пайда болады. Сонымен қатар мектеп медицинасының жаңартылған форматын енгізу жоспарланып отыр. kznews.kz тілшісі жаңа оқу жылындағы негізгі өзгерістерді жинақтады.

Жаңа оқу жылындағы демалыс күндері белгілі болды

Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес, 2026-2027 оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады.

Бірінші және екінші тоқсан 8 оқу аптасынан, үшінші тоқсан 10 аптадан, төртінші тоқсан 8 аптадан тұрады.

Күзгі каникул 26 қазаннан 1 қарашаға дейін, қысқы демалыс 28 желтоқсаннан 10 қаңтарға дейін жалғасады. Көктемгі каникул 22-28 наурыз аралығына белгіленген.

Бірінші сынып оқушылары үшін 8-14 ақпан аралығында қосымша 7 күн демалыс қарастырылған.

Бастауыш сыныптарда ТЖБ форматы өзгереді

Жаңа оқу жылындағы ең елеулі өзгерістердің бірі бастауыш мектептегі бағалау жүйесіне қатысты.

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының 2026-2027 оқу жылына арналған әдістемелік-нұсқау хат жобасында 1-сынып оқушыларына баға қоймау тәртібі сақталатыны көрсетілген.

Ал 2-4-сыныптарда тоқсан соңында жеке ТЖБ жұмысын өткізбеу қарастырылып отыр. Оның орнына оқушының тоқсан бойындағы формативті және аралық бағалау нәтижелері ескеріліп, қорытынды баға шығарылады.

Яғни тоқсандық баға бір күнде жазылған бақылау жұмысының нәтижесіне ғана тәуелді болмайды. Оқушының бүкіл тоқсан ішіндегі оқу нәтижесі есепке алынады.

Құжат жобасында 2-сыныптағы бір аралық бағалаудың ең жоғары көрсеткіші 12 балл, 3-сыныпта 14 балл, 4-сыныпта 16 балл болатыны көрсетілген. Формативті бағалау үшін ең жоғары көрсеткіш 10 балл болып қалады.

Бұл тұста аталған талаптар Ұлттық білім академиясы жариялаған әдістемелік-нұсқау хат жобасында көрсетілгенін ескерген жөн.

Жасанды интеллект мектеп бағдарламасына тереңірек енеді

2026-2027 оқу жылындағы тағы бір үлкен бағыт – жасанды интеллект.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл тек пән атауын өзгерту емес. Информатика мен цифрлық технологиялар мазмұнына жасанды интеллект бойынша жаңа бөлімдер және барлығы 43 оқу мақсаты енгізіледі.

Бастауыш сыныптарда «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» бағыты қарастырылған. 1-4-сынып оқушылары жасанды интеллектімен қарапайым мысалдар арқылы танысып, цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және цифрлық ортадағы жауапты мінез-құлық негіздерін үйренеді.

5-9-сыныптарда оқушылар ЖИ құралдарын оқу барысында қолдануды, дұрыс сұраныс құрастыруды, алынған ақпаратты сыни бағалауды, киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық талаптарын сақтауды меңгереді.

10-11-сыныптарда машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздеріне басымдық беріледі. 

Ұлттық білім академиясының құжатында жасанды интеллектіні пайдаланудың негізгі қағидаты да көрсетілген: түпкілікті шешімді адам қабылдайды, ал ЖИ ақпараттық қолдау құралы ретінде пайдаланылады. Оқушы ЖИ берген ақпараттың дұрыстығын тексеріп, оның қателері мен жалған жауаптарын ажырата білуі керек. Жобалық жұмыста ЖИ пайдаланылса, оқушының өзінің қосқан үлесі де көрсетілуі тиіс.

Мектептерде құқықтық бағыттағы жаңа курстар пайда болады

Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылынан бастап оқушылардың құқықтық мәдениетіне де ерекше көңіл бөлінетінін хабарлады.

2026-2027 оқу жылында 5-7-сыныптарға «Конституция негіздері», ал 8-11-сыныптарға «Заң және тәртіп» оқу курстары енгізіледі.

Сонымен бірге «Жеке қауіпсіздік» курсы жалғасып, балаларға әртүрлі жағдайда қауіпсіз әрекет ету және дұрыс шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыру көзделген.

10-11-сынып оқушылары үшін тағы бір маңызды өзгеріс қарастырылған. Ұлттық білім академиясының әдістемелік құжатында «Құқық негіздері» пәнін таңдау компоненті ретінде емес, міндетті оқу пәні ретінде оқыту көзделген. 9-сыныпта осы пәннің жетілдірілген үлгілік оқу бағдарламасы енгізіледі.

Мектеп медицинасы да өзгереді

Жаңалық тек сабақтарға қатысты емес.

Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап барлық мектепте профилактикалық тексерулер мен мектеп медицинасының жаңартылған форматын кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова балалардың денсаулығы туралы ақпараттың жүйелі түрде жиналып, талдануы маңызды екенін атап өтті.

– Балалардың денсаулығына қатысты барлық деректер жүйелі түрде жинақталып, талданып және адам өмірінің барлық кезеңінде сүйемелденуі тиіс. Бұл бақылаудың сабақтастығын қамтамасыз етіп, ауруларды ерте анықтаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Ақмарал Әлназарова.

Мектептердегі медициналық кабинеттерді жабдықтауға қойылатын талаптар да жаңартылып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, профилактикалық тексеру нәтижелерін қажет болған жағдайда бейінді мамандардың қашықтан интерпретациялауына мүмкіндік беретін жабдықтар қарастырылған. Медициналық деректерді цифрлық түрде беру, сақтау және ақпараттық жүйелермен интеграциялау мүмкіндігі де көзделген.

Жаңа оқулықтар пайда болады

2026-2027 оқу жылына бірқатар жаңа оқулық әзірленді. Оқу-ағарту министрлігі бұған дейін 4-сыныпқа арналған қазақ тілі, орыс тілі, математика, дүниетану және әдебиеттік оқу, сондай-ақ 7-10-сыныптарға арналған бірқатар пән оқулықтарының жобаларын қоғамдық талқылауға шығарған.

Жаңа оқулықтар бес кезеңнен тұратын сараптамадан өтеді. Олардың қатарында ғылыми-педагогикалық сараптама, пысықтау, пилоттық мектептердегі апробация, қоғамдық талқылау және пәндік сараптамалық комиссияның қорытындысы бар. Министрліктің мәліметінше, оқулықтар еліміздің 34 пилоттық мектебінде сынақтан өткізілген. 

Автор
Азамат Қойшығара

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері - kznews.kz сайтының тілшісі.