Мәртебелі мейманның құрметіне резиденция алдында еліміздің Әуе қорғанысы күштерінің тікұшақтары Қазақстан мен Тәжікстанның Мемлекеттік туларын желбіретіп ұшты.
Ақордада Астанаға ресми сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды kznews.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң Президент оркестрі екі елдің әнұрандарын орындады. Содан кейін президенттер келіссөз жүргізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан көшбасшысына ілтипат білдіріп, бұл сапар екі ел арасындағы ерекше құрмет пен шынайы достықтың көрінісі екенін атап өтті.
– Бүгін біз бауырлас мемлекеттеріміздің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы жөнінде толық негізде айта аламыз. Екіжақты ынтымақтастықта қандай да бір мәселе жоқ. Көпжақты байланыстарымызды одан әрі ілгерілету мақсатында қарастырып, шешімін табуды қажет ететін жайттар бар. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашу, өзара тиімді жобаларды іске асыру және қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау тұрғысынан тек алға қарай қадам басып келеміз. Қазақтар тарихы бай, төл мәдениеті мен рухани мұрасы байтақ көне ұлт ретінде тәжік халқына құрметпен қарайды. Сіздің парасатты әрі көреген саясатыңыздың арқасында Тәжікстан көптеген салада ауқымды реформалар жүргізіп, таңғаларлық табыстарға қол жеткізді. Осы өзгерістердің нәтижесі экономиканың орнықты өсімінен, халықтың әл-ауқатының артуынан көрініс тауып отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев барлық бағытта оң динамика көрсетіп келе жатқан қазақ-тәжік қарым-қатынасының даму деңгейін жоғары бағалады.
– Елдеріміздің үкіметтері уағдаластықтарды толығымен жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн. Қабылданған шаралардың арқасында тасымалданатын тауар түрлері көбейіп, түрлі өнім көлемі артты. Теміржолмен жеткізілетін экспорт-импорт жүгі де ұлғайып келеді. Бизнес деңгейіндегі байланыстар жанданды. Бизнес-форум, арнайы сауда миссияларының қорытындысы бойынша қол жеткізілген коммерциялық уағдаластықтар жоспарлы түрде іске асырылуда. Бұл ретте елдеріміздің жыл сайынғы тауар айналымы тұрақты түрде 1 миллиард доллардан асады. Осының есебінен Қазақстан ұдайы Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне еніп отыр, – деді Мемлекет басшысы
Президенттің айтуынша, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары да дәйекті түрде кеңеюде.