14 сарбаздың қазасы: Олжас Бектенов әскердегі өрескел кемшіліктерді атады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

1,5 мың шырша: Алматы тауларын көгалдандыру жұмысы жалғасуда

1,5 мың шырша: Алматы тауларын көгалдандыру жұмысы жалғасуда
Фото: Ұйымдастыру комитеті

Алматы тау кластерін дамыту жобасы аясында Кімасар шатқалында 1 500 жатаған шыршасын отырғызу жөніндегі экологиялық акция өтті.

Бұл іс-шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов, экологиялық ұйымдар, бизнес, спорт және мәдениет қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ белсенді жастар мен тұрғындар қатысты. Олар Алматының табиғи мұрасын сақтау деген ортақ мақсат төңірегінде бірікті, деп хабарлайды kznews.kz.

Олжас Смағұлов аталған акция Алматы тау кластерінің заманауи туристік инфрақұрылымын дамытумен қатар жүргізіліп жатқан таулы аумақтарды көгалдандыру бойынша жүйелі жұмыстың жалғасы екенін атап өтті.

- Бүгін Алматы тау кластерін дамыту жобасы аясында үлкен акция өтіп жатыр. Бейжай қалмай келген барлық азаматтарға алғысымды білдіремін. Мұнда 500-ге жуық адам жиналды және 1,5 мың шырша отырғызылды. Бұл осындай үшінші жоба. Алдағы уақытта да осындай акцияларды өткізіп отырамыз, - деді Алматы әкімінің орынбасары.

Биыл қазан айының өзінде Алматының таулы аумағында шамамен 4 мың қылқан жапырақты ағаш отырғызылды. Мәселен, 3 қазанда Көкжайлауда 2 мыңға жуық жатаған (шренк) шыршасы отырғызылса, 17 қазанда «Шымбұлақ» тау курортының аумағында 500-ден астам тянь-шань шыршасы егілді. Кімасар шатқалында тағы 1,5 мың ағаш отырғызу - осы бастаманың жалғасы.

Экологиялық жауапкершілік — Алматы тау кластерін дамытудың негізгі қағидаттарының бірі. Жоба халықаралық деңгейдегі туристік инфрақұрылымды құрумен қатар, аумақтарды көгалдандыруға, биологиялық әралуандықты сақтауға және тау экожүйелерінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін табиғатты қорғау шараларын қарастырады. 

Бостандық ауданы комьюнити-орталығының жетекшісі Ақарыс Төребеков қала жастары мұндай акцияларға әрдайым белсенді қатысатынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың өз қолымен ағаш отырғызып, экологиялық мәдениетін көтеруге мүмкіндік береді.

- Біз, Алматы жастары, ағаш отырғызуға бағытталған акциядан сырт қалмай, белсенді қатысуға келдік. Бұл уақытымызды көңілді әрі пайдалу өткізудің керемет мүмкіндігі. Әрдайым қаланы көркейтуге, қоршаған ортаны қорғауға арналған жұмыстарға қуана қатысамыз, - деді ол.

Іс-шараға Азия ойындарының таеквондодан ел тарихындағы тұңғыш чемпионы Темірлан Тілеулес те қатысты. Ол таулы аймақты көгалдандыруға арналған акцияның бір бөлігіне болғанына қуанышты екенін айтты.

- Бүкіл Алматы үшін бұл игі бастама. Ағаш отырғызу арқылы біз табиғатты көркейтіп, ауаның тазаруына кішкене де болса, үлес қосып жатырмыз. Адамдардың осылай жиналып, бір-біріне көмек беріп жүру де керемет көрініс, - деді Азиада чемпионы.

Сонымен қатар акцияға Жапонияда өткен Азия ойындарында халық ықыласына бөленген спортшы Ясмина Тоқсанбаева да өз үлесін қосты.

- Біздің жаттығуымыздың бір бөлігі әрдайым тауда өтеді. Жылына екі ай біз тауда жүгіреміз, жаттығамыз. Сондықтан оның көркейіп жатқанына қуаныштымыз. Алматы тауларының менің үйім деуге болады, - деді ол.

Айта кеткен жөн, көгалдандыру үшін Алматының табиғи символдарының бірі және Солтүстік Тянь-Шань экожүйелерін сақтауда маңызды рөл атқаратын жатаған шыршасы таңдалды. Өңірге тән ағаш түрлерін отырғызу табиғи әралуандықты қолдауға ықпал етуде.

Автор
Асқар Алтайұлы

Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.