Қазақстандық «гастарбайтерлердің» үміті ақтала ма?

0

Корея Республикасының президенті Мун Чжэ Ин сәуірдің 21 мен 23 арасында Қазақстанға екі күндік мемлекеттік сапармен келді. Бұл сапар кезінде қарағандылық Айсұлтан Жақыпов Facebook парақшасына: «Тоқаев Кореядағы қазақ мигранттардың жайын айтса екен» деген тілегін жазған еді. Азаттық тілшісі Айсұлтан Жақыповқа хабарласып, Кореядағы қазақ мигранттары жайлы мәселені неге қозғағанын сұрады.

«ҮКІМЕТ БІЛЕДІ»

— Құрдастарым да, мұғалімім де [Оңтүстік] Кореяға жұмыс іздеп кетті. Олар тәп-тәуір табыс тауып, туыстарына жіберіп жүр. Ондай адамдар өте көп. Коммерциялық сайттарда Кореядан жұмыс тауып береміз деушілер жиі кездеседі. Оның ішінде алаяқтар да бар. Оларға алданғандар Кореяның әуежайынан аса алмай, депортацияланып жатыр, — дейді ол.

Айсұлтан Жақыповтың сөзінше, Қазақстан азаматтарының визасыз бір ай мерзімге баруға болатынын пайдаланып, Оңтүстік Кореяға барып жұмыс істейтіндер де, сол елдегі заңсыз мигранттар қатарына қосылып жатқандар да бар.

— [Оңтүстік] Корея президенті келгенде осы мәселені Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көтеріп, екі мемлекет арасында қандай да бір келісім жасаса, Кореядағы азаматтарымыздың құқығы қорғалар еді, Кореяға жұмысқа бару жеңілдер еді, — дейді ол.

Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин (сол жақта) және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Нұр-Сұлтан, 22 сәуір 2019 жыл.

Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин (сол жақта) және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Нұр-Сұлтан, 22 сәуір 2019 жыл.

Айсұлтан Жақыпов Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы этникалық корейлердің тарихи отанына оралып, жұмыс істеуіне жағдай жасайтынына назар аударады. Ал Қазақстаннан баратын өзге этникалық топ өкілдері үшін ондай жеңілдік жоқ екенін айтады.

Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген Оразхан Нұрмахан есімді қазақстандықтың да пікірі Айсұлтан Жақыповпен үндес шықты.

— [Оңтүстік] Кореяда жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары көп екенін Қазақстан үкіметі біледі деп ойлаймын. [Оңтүстік] Корея президенті барғанда Қазақстан билігі еңбек мигранттарының құқығын қорғау, Кореяға жұмысқа барғысы келетіндерге жұмыс табу мәселесін көтерсе, өте пайдалы болар еді, — дейді ол.

«ЕЛШІ СҰХБАТ БЕРГЕН»

Оразхан Нұрмахан жайлы Азаттық арнайы мақала жазған еді. Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп кетушілердің соңғы жылдары көбейгені жайлы мәліметті өзге де жергілікті ақпарат құралдарынан жиі көруге болады. Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияровтың дерегінше, Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматтарының саны 12 мыңға жетіп, кейін екі мыңға жуығы кері қайтқан. Бұл мәселенің Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин кездескенде сөз болған-болмағанын айнықтау қиынға соқты. Смадияров бұл жайлы білмейтін болып шықты, президент әкімшілігінен сұрау керектігін айтты.

— Былтыр Оңтүстік Корея заңсыз мигранттарға «жасыл дәліз» ашқан. Сөйтіп заңсыз жүргендердің айыппұл төлемей Оңтүстік Кореядан өз еркімен кетуіне мүмкіндік берді. Заңсыз мигранттар жөнінде Оңтүстік Корея президенті сапарының алдында Қазақстандағы осы елдің елшісі сұхбат берген болатын, — деді Айбек Смадияров.

Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшісі Ким Дэ Сик tengrinews.kz порталына берген сұхбатында «екі мемлекет арасындағы визасыз қатынасты кейбіреулердің заңсыз жұмыс істеу үшін пайдалана бастағанын» айтқан. Елшінің сөзінше, «бұл мәселе жайында екі үкімет арасында келіссөз жүріп жатыр».

Алайда елшінің қандай келіссөз туралы айтқанын нақтылаудың сәті түспеді. Қазақстан Президент әкімшілігінің баспасөз қызметі заңсыз мигранттар туралы мәселені сыртқы істер министрлігінен сұрау қажет деді. Корея республикасының Қазақстандағы елшілігі де Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне сілтеді.

Оңтүстік Кореяда жұмыс істейтін Қазақстанның заңсыз мигранттары жайлы дерек Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде де болмады. Ұлттық банк те осы елдегі қазақстандық еңбек мигранттарынан қанша қаржы түсетіні жайлы ақпарат жоқтығын айтты.

Қазақстанның статистика комитеті Қазақстаннан кеткен заңсыз мигранттар туралы есеп жүргізбейтінін хабарлады. Комитет дерегіне қарағанда, 2014 жылдан бері Оңтүстік Кореяға Қазақстаннан жылына бір адамнан тұрақты тұруға кеткен, ал Оңтүстік Кореядан жыл сайын 50-80 адам тұрақты тұруға келген. Олардың басым көпшілігі – Оңтүстік Корея азаматтары.

«БИЛІКТІҢ МОЙЫНДАҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ»

Қазақстан мен Оңтүстік Корея президенттерінің кездесуі жайлы ресми ақпарат құралдары таратқан хабарда заңсыз еңбек мигранттары туралы мәселе көтерілгені баяндалмады.

Кездесуде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда тұратын этникалық корейлер жайлы айтып, елге 1940 жылдары депортацияланған корейлер туралы тарихи құжаттар мен фотолар жинағын Мун Чжэ Инге сыйлаған. 24 баптан тұратын бірлескен мәлімдемеде Оңтүстік Кореядағы қазақстандық еңбек мигранттары туралы сөз жоқ.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев – Оңтүстік Кореядағы еңбек мигранттарының мәселесі екі мемлекет басшысының кездесуінде талқыланбағанына таңырқап қалғандардың бірі. Ол «он мыңнан астам азаматы жұмыс істеп жүргендіктен Қазақстан [Оңтүстік] Кореяға қандай да бір ұсыныс жасауы керек еді» деп санайды.

Қазбек Бейсебаев.

Қазбек Бейсебаев.

— Қазақстандағы корей диспорасы туралы айтқанда [Оңтүстік] Кореядағы Қазақстан азаматтары туралы сөз қозғау дипломатияға қайшы келмейді. Қайта бұл жақсы ілік болар еді. Екі мемлекет қандай да бір келісімге келсе, [Оңтүстік] Кореядағы заңсыз еңбек мигранттарының құқығы жолға қойылар еді, — дейді ол.

Қазбек Бейсебаевтың болжамынша, Қазақстанның заңсыз еңбек мигранттар туралы сөз қозғамауына «саяси амбициясы» себеп болуы мүмкін.

— Қазақстан бертінге дейін «шетелден еңбек мигранттары келетін ел» деп сипатталды. Көршілес елдерден гастарбайтерлер жиі келгендіктен «өзімізді жұмыспен қамти алатын бай ел» деп санадық. Ал соңғы жылдары Қазақстаннан гастарбайтерлер кетіп жатқанын билік мойындағысы келмейді, — дейді ол.

Қазбек Бейсебаев мысал ретінде биыл сәуір айында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмоновтың Ресейге барған сапарында осы елдегі тәжікстандық еңбек мигранттарының жағдайын жеңілдететін бірнеше келісімге қол жеткізгенін айтады.

«КВОТА СҰРАУЫНА БОЛАР ЕДІ»

«Қазақстан билігі Оңтүстік Корея билігіне еңбек мигранттарына байланысты қандай келісім ұсынар еді?» деген сұраққа жауап беру қиын. Бірақ Қазақстан билігінің еңбек мигранттары жайлы келіссөз жүргізу, заң шығару тәжірибесі бар. Қазақстанға, әсіресе, көршілес Қырғызстан мен Өзбекстаннан заңсыз еңбек мигранттары жаппай келе бастағанда мемлекетаралық бірнеше келісім жасалған.

2008 жылы сәуір айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиевпен келіссөзден соң «Қазақстан Қырғызстаннан келетін еңбек мигранттарына 90 күнге визасыз кіруге» рұқсат беретінін мәлімдеген. Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2007 жылы елге 800 мың қырғыз мигранты келген. Ал 2008 жылға оларға 6 мың адамға еңбек квотасы берілген. Мұнан кейін де екі мемлекет арасында бірнеше рет түрлі келіссөз жүрген.

Алматыда тұратын Қырғыз ақсақалдар кеңесінің төрағасы Айбек Тұрдыбаевтың сөзінше, 2015 жылы Еуразия экономика одағы құрылғаннан соң қырғыз еңбек мигранттарының Қазақстанда жұмыс істеуі оңайлаған.

— Қырғызстан азаматтары қазақстандық кәсіпкермен келісім-шарт жасап, оны ресми орынға тіркетсе, заңды жұмыс істей береді. Қазақстан билігінің Оңтүстік Кореядан еңбек квотасын сұрауына болар еді. Мәселен, Қырғызстаннан [Оңтүстік] Кореяға барып жұмыс істейтіндер де 10 мыңнан астам. Қырғызстан [Оңтүстік] Кореядан жылына 400-ге жуық адамға (еңбек мигрантына – ред.) квота сұрап алған. Бұл – жоқтан жақсы, — дейді ол.

Қазақстан 2006 жылы «Заңсыз еңбек мигранттарын заңдастыру туралы» заң қабылдаған. Қазақстан билігі ел аумағында жұмыс істейтін заңсыз еңбек мигранттарын iшкi iстер органдарына тiркеп, осы заң арқылы бiр жолғы акция өткiзді. Билік 2013 жылы шетелдіктердің жұмыс істеуіне рұқсат беруді оңайлататын тағы бір заң қабылдады.

Ал Қазақстанның 10 мыңнан астам заңсыз еңбек мигранты жүрген Оңтүстік Корея республикасы заңсыз еңбек мигранттарына қарсы шараларды күшейте бастағаны байқалады. Сеул 2018 жылы еңбек мигранттарына ірі көлемде айыппұл салып, депортациялауға кіріскен. Кейін уақытша «Жасыл дәліз» акциясын өткізіп, өз еркімен Оңтүстік Кореядан кеткен заңсыз еңбек мигранттарына рақымшылық жариялағаны жайлы ақпарат тарады.

Azattyq