Адамзат тарихында алғаш рет: Әлемдегі қарттар саны балалардан асып түсті — Қазақстан жаңалықтары
Әлемдегі жасы 65-тен асқан қарттардың жалпы саны адамзат тарихында алғаш рет бес жасқа толмаған балалар санынан асты. Бұл көрсеткіш уақыт өткен сайын артып келеді. Статистика бойынша, 2050 жылға қарай 5 жасқа толмаған бір балаға шақ келетін қария саны 2-ден асады.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Демографтардың сөзінше, дамыған елдерде қарттар саны көп. Алайда дәл осы елдерде бала туу көрсеткіші төмен екен.
«Балалар саны өте аз, ал жасы 65-тен асқан қарттар көп болады. Бұл әлем қауымдастығын қалыпты жағдайда ұстап тұруды қиындатады», — дейді зерттеу авторы, Вашингтон университетінің жанындағы Денсаулық сақтау ахуалын бағалау институтының директоры Кристофер Маррей.
Ғалымның айтуына қарағанда, аталған көрсеткіштердегі айырмашылық мемлекететтің экономикасына ғана емес, мемлекет болып тұруына да қатер төндіреді. Себебі мұндай тенденция әрі қарай сақталса, жаңа буынның саны аз болатыны сонша, қарттарды қамтамасыз ете алмайды.
Зерттеу деректеріне сәйкес, қаттар саны ең көп мемлекет – Жапония. Мұнда қарттар халықтың жалпы санының 27 пайызын құрайды екен. Екінші орында – Италия – 23 пайыз, үшінші – Еуроодақ – 19,7 пайыз. АҚШ төртінші, Ресей бесінші орынға жайғасқан. Мұнан кейін Қытай, Бразилия, Түркия, Үндістан және Иран мемлекеттері тұр.
Дүниежүзілік банк мәліметінше, 1960 жылы әлемдегі бала туу коэффициенті әр әйелге 5 баладан келген. Бүгінгі таңда бала туу коэффициенті бір әйелге 2,4 балаға дейін төмендепті.
Мамандар халықтың қартаюының әсерін жұмсарту үшін, мемлекеттерге денсаулық сақтау саласына баса назар аударуға кеңес берді. Сау адамдар еңбекке қабілетті, көп баланы дүниеге әкелу мүмкіндігі жоғары және қартайғанда медициналық қызметті көп қажетсінбейді.
stan.kz