Қазақстанда «Яндекс такси» қызметіне айыппұл салынды

0

Елдің қиын жағдайға тап болғанын пайдаланды деп кінә тағылған «Яндекс такси» Бәсекелестікті қорғау агенттігіне де ақпарат беруден бас тартқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Қазақстандықтар қаңтар оқиғасы кезінде такси бағасы күрт шарықтап кетті деп шағымданған болатын.

Халық арызынан кейін антимонополистер мән-жайды анықтауға кірісті. Көп ұзамай, 18 қаңтарда «Яндекс таксиге» қатысты тексеру басталды. Қазір бұл мәселе сотта қаралып жатыр. Алайда компания басшылығы тексеру кезінде қажет құжаттарды ұсынудан бірнеше рет бас тартқан. Сол үшін агенттік айыппұл да салыпты. Қандай көлемде екені белгісіз.

Бірақ Яндекс өкілдері Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне шығып, ынтымақтастықта жұмыс істеуге ниет білдірген. Ал сот қорытындысынан кейін такси құнының қалай болатыны белгісіз. Жауапты ведомство басшылығы да төмен болады деп айта алмай отыр.

“Бұл өте күрделі мәселе. Себебі «Яндекс» компаниясындағы таксишілердің жағдайын ойлаймыз. Олар табысынан айырылғысы келмейді. Мұндай цифрлық платформалар қажет, бірақ олар қоғамды ашындырмауы керек. Қаңтарда ел қиын жағдайға тап болғанда олар жағдайды пайдаланды. Сондықтан міндетіміз — мұндай нәрселерді қандай да бір жолмен шектеу”, – дейді ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин.