2016 жылғы Ақтөбедегі шабуылдан соң сотталған тұрғын суицид жасап қаза болғаны хабарланды

0

Ақтөбеде 2016 жылы маусымда болған қарулы шабуылға қатысты деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырылған ақтөбелік Асхат Иманғалиев Арқалықтағы УК-161/12 түрмесінде өз-өзіне қол салып қайтыс болды. Бұл ақпаратты Азаттыққа Қылмыстық атқару жүйесі комитеті растады.

— Қазір аталған дерек бойынша құзырлы органдар сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеу құпиялығына байланысты басқа деректер жария етілмейді, — деді Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Теңізжан Жәнібеков.

Аты-жөнін атамауды өтінген қала тұрғыны Асхат Иманғалиевтің мәйіті 11 ақпан күні Алматыға жеткізіліп, қала сыртындағы зираттардың біріне жерленгенін айтты.

33 жаста болған Асхат Иманғалиев сотталғанға дейін Ақтөбедегі сауда орталықтарының бірінде ұялы телефон сатқан. Тергеу материалдарына қарағанда, Асхат Иманғалиев 2016 жылы «Паллада» қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге шабуыл жасағандары қатарында болған.

2016 жылы маусымда Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша, 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Ақтөбедегі қарулы шабуылға қатысқан 29 адамның жетеуі 2016 жылы 28 қарашадағы сот үкімімен өмір бойына бас бостандығынан айрылған. Тергеу оларға «терроризм актісіне қатысты», «адам өлтірді», «қаруды заңсыз иемденді», «шабуыл жасады», «адам ұрлады» деп айып таққан.

Қазақстанның сол кездегі президенті болған Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде шабуыл жасағандардың «радикалдық діни топ өкілдері» болғанын және олардың «шетелден нұсқау алғанын» мәлімдеген.

Azattyq