Донбаста екі украин сарбазы мерт болып, екеуі жараланды
Донбаста екі украин сарбазы мерт болып, тағы екеуі жараланған, бұл туралы 26 қаңтарда Украина бірлескен күшінің баспасөз-штабы хабарлады. Штаб мәліметінше, қарсыластың оғынан бір әскери мерт болып, тағы біреуі қарақан алған. Ал белгісіз жарылғыш заттың жарылуынан екінші әскери мерт болып, тағы біреуі жараланған.
Ақпаратта әскерилердің аты-жөні мен оқиға қай жерде болғаны айтылмаған.
Осы айда 11 украин әскері мерт болған. Өткен желтоқсан айында тоғыз адам қаза тапқан.
Штаб мәліметінше, Украина әскерилері 26 қаңтар күні Ресей қолдайтын сепаратистер оқ атпау режимін 12 рет бұзды деп хабарлады. Оның алдында Украина қорғаныс министрлігі сепараттистер Луганск облысындағы Орехов мен Новотошковское маңында және Донецк облысындағы Красногоровка және Лебединское елдімекендері тұсында Украина үкімет күштері нысандарын атқылады деп мәлімдеген.
2014 жылы сәуірде Украина үкімет күштері мен ресейшіл сепаратистер арасында басталған қарулы жанжал салдарынан осы уақытқа дейін 13 мыңнан астам адам қаза болған.