Австралияға қалай көшуге болады — жасыл құрлықта тұратын жерлесіміз кеңестерімен бөлісті — Қазақстан жаңалықтары

0

Австралиялықтардың қазақтардан қандай айырмашылықтары бар? Сол мемлекетте өмір сүріп жатқан қазақстандық әйел қазақтардың олардан дұрыс ойланып, нақты шешім қабылдауды үйрену керектігін айтады. Бұл туралы ол Stan.kz ақпарат агенттігіне айтып берді.

әйел австралия

Сәуле ханымның айтуынша, австралиялықтар қалжыңбас және үнемі күліп жүреді екен. Эмоцияға көп берілмейді, сондықтан да көп жетістіктерге жете алды. Ал біз қазақтар эмоцияға берілгіш халықпыз. Қазақ халқынан талантты азаматтардың көптеп шығуының да себебі осында жатқан шығар дейді ол: 

«Осыдан да болар, бізден керемет суретші, музыкант, ақын-жазушы шығады. Біз австралиялықтар секілді дұрыс ойлауды және нақты шешім қабылдауды үйренуіміз қажет. Австралия тұрғындары өте ашық, жайсаң. Көшеде адамдар бір-біріне күліп амандасады және қажет кезде көмектесуге дайын тұрады. Өздерін өте сабырлы ұстайды. Сондай-ақ, австралиялықтар —  қалжыңбас. Біздің отбасымызда ата-енем балаларымен қатты қалжыңдасады. Олар да қарап қалмайды. Бұл  —  өте жақсы нәрсе. Бірақ менің етім үйренбегендіктен де маған біртүрлі көрінеді. Бір қызығы, олар да қазақтар сияқты етті көп жейді», — дейді сұхбат берушіміз.

Жасыл құрлықтағы ауа-райына байланысты олардың білім беру жүйесі де ерекшеленеді екен. Оқушылардың ең ұзақ демалатын уақыты осы мезгілге тұспа-тұс келеді.

«Қазір Австралияда жаз, ал Қазақстанда — қыс. Балалар осы уақытта —  жазғы демалыста, оқу ақпанның басында басталады. Оқушыларға бір ай ғана демалыс береді. Бір жақсысы, мектептік жиналыстар болмайды және мұғалімдерге гүл берілмейді. Бірақ оқу жылының соңында оқушылар ұстаздарына міндетті түрде сыйлық жасайды», – дейді үш қыздың анасы Сәуле ханым.

Айтуынша, жерлесіміз үш қызымен тек ағылшын тілінде сөйлеседі. Өзі қазақ және орыс тілінде сөйлегенімен, қыздары білмейді екен. Бірақ керісінше, күйеуі қазақ тілін үйренуге құштарланып жүргенге ұқсайды.

«Қыздарыма қазақ тілінде мультфильмдер көрсеткім келген. Бірақ сапалы мультфильмдер жоқ екен. Қыздарым бір қарағаннан кейін оны көрмей қойды. Ал күйеуім қазақ тілін өзі үйренгісі келді. Бірталай үйреніп қалған болатын. Бірақ қазір уақыт тапшылығынан тіл үйренуін тастап кетті. Болашақта қыздарым да, күйеуім де қазақ тілінде сөйлейтініне еш күмәнім жоқ», – дейді ол.

Сәуле ханым Австралияға келуге құштар жандарға ағылшын тілін үйренуге кеңес береді. Содан кейін оқуға түсу де, жұмыс істеу де қиын болмайды екен. Жасыл құрлықта орналасқан ел әлемдегі өмір сүруге қолайлы мемлекеттердің бірі болып саналады.

«Бірақ Қазақстанмен салыстырғанда Австралияда қызмет көрсету сапасы төмен. Біздің елде бар, кафе, сұлулық салондарына таңдап жүріп барасың ғой. Ал мен тұрып жатқан Перт қаласында дені дұрыс кафе табу қиын. Дүкендер мен балалар алаңы сағат 17:00-те жабылып қалады. Тағы айта кететінім, бала бағушы жалдағыңыз келсе, сағатына 20 доллар төлейсіз. Ал үй қызметшісі 30 доллар сұрайды», – дейді Австралияда тұрып жатқан жерлесіміз.

Дегенмен елде бала-шағаның тегін демалуына да керемет жағдай жасалған екен. Мәселен, жағажайда демалу тегін. Балаларға арналған концерттер мен алаңдар көп. Барлық жастарға арналған кітапханалар бар.

Алматыда бірнеше рет ұрлықтың құрбаны болған Сәуле ханым Австралияда бірде-бір рет ұры кездестірмегенін айтады.

«Қазақстанда басыңа қандай қауіп төніп тұрғанын білмейсің. Біздің адамдар да соған үйреніп кеткен. Ешкім ешнәрсе жасамайды. Ал Австралияда өмір сүру қауіпсіз. Алматыда мен жақсы ауданда тұрдым. Бірақ соған қарамастан әлде біреулер көлігімнің екі рет айнасын сындырып, сөмкемді ұрлап кетті. Үш рет көліктің айнасын ұрлаған. Мына жақта да, әрине, ұрылар бар. Бірақ алты жыл бойы ешкім көлігімді тонамады. Сол үшін Алматыдан гөрі маған Австралияда өмір сүрген ұнайды», – дейді Сәуле ханым. 

Австралияда жұмыс істегісі келетін жастарға жерлесіміз Work and holiday бағдарламасы арқылы келуге кеңес берді. 

stan.kz