Мұсаханұлы мен Әлімұлының сотына барған үш белсенді «полицияға бағынбады» деп қамалды

0

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында өткен «қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесті» деп айыпталған Шыңжаң қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының сотына қолдау көрсетуге барған тағы үш белсенді «полицияға бағынбады» деген айыппен қамалды. Белсенділер соты 22 қаңтарда болған.

Зайсандағы Қытай қазақтарының сотына барған нұр-сұлтандық белсенді Ерлан Файзуллаевтың айтуынша, сот Әкімшілік кодекстің 667-бабымен («Полиция талабына бағынбау») Асқар Қайырбек пен Қайрат Көшербаевты бес тәулікке, Біржан Төлеубековті үш тәулікке қамаған.

Файзуллаев айыпталған белсенділер Зайсан аудандық полиция басқармасында отырғанын, процесс аудандық әкімшілік сотпен видеобайланыс арқылы өткенін айтады. Сөзінше, тағы бір белсенді Бағдат Бақтыбаевтың (21 қаңтарда сот оны «полицияға бағынбады» деп айыптап, 36 сағатқа қамаған) үстінен «билік өкілін қорлады» деп қылмыстық іс қозғалған. Желіде тараған видеоның бірінде полиция өкілі Бақтыбаевқа қылмыстық іс қозғалғанын айтады.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Нұрғазина Азаттыққа бірқатар белсендіге әкімшілік іс қозғалғанын растап, тілшінің басқа сауалдарын жауапсыз қалдырды.

21 қаңтарда Зайсанда өткен Қытай қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының сотына («Шыңжаңдағы қысымнан қашып, шекара бұзуға мәжбүр болғанын» айтқан екеуін Зайсан аудандық соты заңсыз шекара бұзғаны үшін бір жылға соттап, Қазақстанда қалдырған) барған оннан астам белсенді кері қайтып бара жатқанда полиция мен арнайы жасақ ұстап, түнделетіп Зайсан аудандық полиция басқармасына жеткізген. Сол жерде олардың үстінен «полицияға бағынбады» деген айыппен әкімшілік сот өтіп, бірқатар белсендіге 5-10 айлық есептік көрстекішке тең (13500-26000 теңге) айыппұл салынған. Айыппұл алғандардың қатарында Ерлан Файзуллаев, Серік Асқаров, Ерлан Есхожин, Нұржан Мұхаммедов, Руслан Нұрханов, Ермек Байғулин, Марат Қасымбеков есімді белсенділер бар.

Azattyq