Жүздеген адам жұмыссыз қалған. Қаскелеңдіктер әкімдік алдына ереуілге шықты
Күні кеше сағат 11.00-де Қаскелеңде БН-А-ның «Шалқар 17» арақ-шарап зауытының жұмысшылары ереуілге шықты, деп хабарлады ORDA.
Ереуілшілер тобы фабриканың ашылуын талап етіп отыр, себебі жүздеген адамдар жұмыссыз қалған.
— Біздің несиемізді кім төлейді? Зауыт 20 жылдан бері жұмыс істейді. Осы зауыттың арқасында біз нан тауып отырмыз. Енді не істейміз? Бізді кім жұмысқа алады?, дейді бейнежазбадағы адамдар.
Әкімдік қызметкері шағымға «бәрі реттеледі» деп жауап берді.
— Біріншіден, бұл жеке компания болғандықтан, біз бұл адамдардың жұмысына мемлекеттен, әкімдіктен кедергі жасай алмаймыз. Екіншіден, бұл жағдай біздің құзыретімізге кірмейді. Департамент экономикалық тергеуді аяқтамайынша, сізге ештеңе айта алмаймыз. Қазіргі уақытта сараптама басталды. Жауабын күтуіміз керек. Тексеріс аяқталғаннан кейін барлығы белгілі болады. Бұл мәселеге әкімдік жауап бермейді, деді әкімдіктегілер.
Айта кетсек, зауыт басшылығының бірде-бір өкілі ереуілшілерге келмеді.
Еске салсақ, Шалқар 17 зауыты 2021 жылы 23 ақпанда жабылған.
2021 жылы 26 ақпанда Қаржы мониторинг агенттігі Алматы облысында ішімдік шығаратын көлеңкелі зауыттың қызметін тоқтатты.
— Тексеру барысында жалған тіркеу және акциздік маркалары бар 20 атаумен 170 мың шөлмектен астам арақ табылды. Өнімдер сертификаттаудан өтпеген және адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін, делінген хабарламада.
ДДСҰ мәліметтері бойынша, суррогат ішімдігінің салдарынан әлемде жыл сайын үш миллионнан астам адам қайтыс болады.
Алкоголь зауытының заңсыз іс-әрекеттерінің жолын кесудің арқасында мыңдаған қазақстандықтардың өмірі сақталды.