Журналистерге шабуылдағандар неге жауапқа тартылмады?

0
31

Журналистердің мүддесін қорғаушы адвокаттар полиция мен прокуратураның шабуыл фактісін қылмыстық заңның «Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру» бабы бойынша тексеріп, тергеу жүргізуіне қол жеткізе алмай отыр. Баспасөз мәслихатының шырқын бұзып, журналистерге шабуыл жасаған жиырмаға жуық әйелдің ешқайсысы жауапқа тартылған жоқ. Құқық қорғаушылар журналистер зардап шеккен басқа фактілер сияқты бұл істің де алға баспағанын айтып, мұны шабуылға шенеуніктердің, тіпті, күш құрылымы органы өкілдерінің қатысы болуы мүмкін деген болжаммен байланыстырады.

ІСТІ СОЗУ МЕН ӘРЕКЕТСІЗДІК

2019 жылы белгісіз адамдар тілшілерге ашық шабуыл жасап, видео түсіруге кедергі келтірген үш оқиға бойынша Азаттық пен «Настоящее время» телеарнасының («Азат Еуропа / Азаттық радиосы» мен «Америка дауысының» бірлескен жобасы) ондаған журналисі мен операторларының мүддесін адвокат Айман Омарова қорғап жүр.

Наурыздың 22-сі күні Астана атауын елді 30 жылға жуық уақыт басқарып, президенттік қызметтен кеткен (бірақ билікте әлі де кең құзыретін сақтап қалған) Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертуге қарсы наразылық кезінде бір топ жас камера объективін газетпен жауып, Азаттық тілшілеріне кәсіби міндетін атқаруға кедергі келтірген.

Шілденің 6-сы күні ел астанасындағы наразылық акциясынан тікелей эфир жүргізген Азаттық тілшілеріне бетіне маска киген белгісіз адамдар кедергі жасаған. Наразыларды ұстау шарасын түсіру кезінде екі ер адам камераны қолшатырмен көлегейлеп, тағы бір белгісіз адам оператор мен тілшіге қарай әдейі газ бүріккен.

Шілденің 22-сі күні Алматыдағы Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроға баспасөз жиынына барған Азаттық журналистеріне бір топ әйел шабуыл жасаған. Бюро кеңсесіне басып кірген ашулы әйелдер «Түсірме!» деп айқайлап, тілші Нұргүл Тапаеваға қол жұмсаған, оператор Тоқмолда Құсайыновты ұрып, кәсіби видеокамераны сындырған.

Хроника. Тілшілерге шабуыл қалай жасалды?

Бұл жайттар туралы Нұр-Сұлтан және Алматы полициясы мен прокуратурасына бірнеше арыз берілген. Бірақ осы оқиғалар бойынша әлі күнге тергеу жүргізілмеген. Адвокат Омарова аудандық полиция мен прокурорлардан журналистер шағымын қарау қай кезеңде жүріп жатқаны туралы ақпарат ала алмай отырғанын айтады. «Бұл арыздар тіркелді ме?», «Қандай шаралар қабылданды?», «Неге тергеу жүрмей жатыр?» деген сұрақтарға да жауап жоқ.

– Бұл саяси астары бар істер деп ойлаймын. Сондықтан мүмкіндік өте аз. Мұның артында билік, оның ішінде нақты шенеуніктер тұр. Яғни, бүкіл жүйе қарсы шығып отыр. Мұндай істер бойынша тергеу жүргізуге саяси ерік-жігер керек, – дейді президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің (президент сайлауынан кейін болған жаппай наразылықтан соң құрылған консультативті орган) мүшесі Айман Омарова.

Шілденің 22-сі күні жасалған шабуылға қатысқан, полиция «таба алмай жүрген» әйелдер жауапқа тартылған жоқ. Шабуылға қатысқан әйелдердің бірі екі түрлі шарада Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігі басшылығының жанынан көрінген. Жақында ақпарат көздері берген деректен ол әйелдің аудан әкімдігі ғимаратында ашылған «тігін цехына» жұмысқа тұрғаны белгілі болды (әйелдің өзі жергілікті билікке қатысы барын жоққа шығарады).

Шілденің 22-сі күні болған шабуыл кезінде Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның үш журналисі де зардап шеккен. Олар бұл туралы полицияға арыз берген. Журналистер мүддесін қорғаумен айналысып жүрген адвокат Инара Масанованың сөзінше, Алматы қаласының Әуезов ауданы полиция бөлімшесі бұл істі «Өзінше билік ету» бабы бойынша тіркеген. Кейінірек істі аудан прокуратурасының тапсырмасымен «Тонау» бабына ауыстырған. Өйткені шабуылға қатысқан әйелдер журналистердің телефондарын тартып алған. Кей телефондарды ішіндегі шабуыл туралы видеоны өшіргеннен кейін қайтарып берген. Адвокат полицияның әрекетсіздігі туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атына шағым жазған. Бірақ әзірге жауап келген жоқ.

Масанованың айтуынша, тергеуші адвокаттың шабуылдаушылар әрекетін қосымша «Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру» бабы бойынша қарастыру туралы өтінішін қанағаттандырмаған. Прокуратураның адвокат шағымына берген жауабында «бұл мәселе тергеу барысында шешіледі» делінген.

– Ешкім тырысып та жатқан жоқ. Істі созу мен әрекетсіздік байқалады. Қылмыс жасалғаны бірнеше видеоға түсірілгеніне қарамастан осылай болып отыр. Видеода шабуылға қатысқандардың түрі анық көрінеді. Тергеу алты айдан бері жалғасып келеді. Мүмкін, полиция күнделікті ісімен айналысып, бұл іске байыпты қарамай отырған шығар. Бірақ бұл іс қоғам назарында, – дейді Инара Масанова.

Журналистер құқығын қорғаушылар, оның ішінде халықаралық ұйымдар, шілденің 22-сі күні болған шабуылды сынап, Қазақстан билігін бұл жағдайды мұқият зерттеуге, кінәлілерді жауапқа тартуға шақырған.

Азаттық журналистеріне өткен жылы ғана емес, оған дейін де қысым жасалған. 2018 жылы жазда Азаттықтың Теміртау қаласындағы тілшісі, журналист Елена Веберге белгісіз біреу үйінің есігінің астына қоқан-лоқы мазмұнда жазылған хат қалдырған. Белгісіз адамдар журналиске баласы барып жүрген балабақшаның суретін және көліктің терезесінен түсірілген күйеуінің фотосын жіберген. Журналист полицияға арыз берген. Көп ұзамай полиция «Қоқан-лоқы көрсету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Елена әлі күнге тергеу барысы туралы бірде-бір ақпарат алмаған. Оқиғадан бері жарты жыл уақыт өтті.

– Полицияға мұндай істерді зерттеп, шу көтеру тиімсіз. Бұған полицияның да қатысы болуы мүмкін деген нұсқаны жоққа шығармаймын. Мәселен, маған қоқан-лоқы көрсету мақсатында жазылған хат қалдырып кетуден бір ай бұрын үйіме полиция келіп, есігімнің алдына қойылған видеокамераның техникалық мүмкіндіктері туралы білуге тырысты. Камера қаншалықты ұзақ уақыт түсіретінін, видеолар қаншалықты жиі жаңарып отыратынын сұрады. Бұл әрекетін бір құқықбұзушыны іздеп жүрміз деп түсіндірді. Ал хат қалдыратын кезде үйдің жанындағы электр станциясынан бірнеше минутқа пәтердің жарығын өшірген. Мұны қарапайым адам жасай алмайды, өйткені мүмкіндік жоқ. Демек салмақты ресурстар қолданылған. Мен осының бәрін полиция мен прокуратураға берген арызда анық көрсеттім. Мүлде жауап жоқ. Мүмкін бұған полиция жасырып отырған басқа адамдардың қатысы бар шығар, – дейді журналист.

САЯСИ АСТАР

Журналистер құқығын қорғайтын «Әділ сөз» қоғамдық қорының басшысы Тамара Калеева Қазақстанда тәуелсіз журналистикаға деген теріс көзқарас «қатты байқалатынын» айтады. Ұйымның соңғы есебіне сәйкес, 2019 жылы 46 журналист ұсталып, ақпарат құралдары мен тілшілерге 10 қоқан-лоқы көрсету фактісі тіркелген, журналистерге қарсы 17 шабуыл жасалған. Салыстырмалы түрде, 2018 жылы бір шабуыл мен бес қоқан-лоқы көрсету фактісі болған.

– Журналистерге шабуыл жасау, қоқан-лоқы көрсету, ұстау және тұтқындау фактілері мүлде тексерілмейді. Арыз-шағымдарға назар аудармайды немесе «бұл факт расталған жоқ» деген жауап береді. Немесе істі созып жібереді, – дейді Тамара Калеева.

"Әділ сөз" қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева.

«Әділ сөз» қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева.

Калееваның сөзінше, қазір барлық ақпарат құралының ішінде журналистерге жасалған шабуыл мен қудалау фактілерінің саны бойынша Азаттық бірінші орында тұр.

– Билік белгілі бір төменгі деңгейде бұл фактілерге қатысу былай тұрсын, осындай шабуылдарды ұйымдастырады деп ойлаймын. Бұл шені кіші шенеунік немесе «саяси тапсырма» алған қарапайым қызметкер болуы мүмкін. Әйткенмен журналистердің де жігері артып келеді. Жүрекжұтқан журналист көп, бірақ салмақты құқықтық қолдау болмаса олар қорғансыз қалады. Сондықтан кез келген ақпарат құралының бірге жұмыс істейтін жақсы, адал, журналистердің және қоғамның ақпарат алу құқығын қорғау үшін бюрократиялық машинаға қарсы қалай күресуге болатынын білетін адвокаты болуы керек, – дейді Тамара Калеева.

«Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық ұйымының заңгері Гүлмира Біржанованың пікірінше, биліктің әрекетсіздігін прецендент қалыптастыру қорқынышымен түсіндіруге болады.

– «Журналистің заңды қызметіне кедергі келтіру» бабы қылмыстық кодексте бұрыннан бар. Бірақ осы жылдар ішінде бұл бап бойынша бірде-бір іс сотқа жетпеген. Олар прецендент қалыптастырудан қорқатын шығар. Мәселен, олар Азаттық журналистеріне жасалған шабуылды тіркеп, сотқа жеткізіп, кінәлілерді жауапқа тартса, осындай фактіге кезіккен басқа журналистер де нәтижені көріп, құқық қорғау органдарына шағым бере бастайды, – дейді Гүлмира Біржанова.

"Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық ұйымының заңгері Гүлмира Біржанова.

«Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық ұйымының заңгері Гүлмира Біржанова.

Біржанованың айтуынша, 2019 жылы қыркүйекте Варшавада өткен ЕҚЫҰ-ның адам құқықтары өлшемдері бойынша конференциясында «Құқықтық медиа-орталық» ұйымы Қазақстандағы сөз бостандығының жағдайы туралы айтып, «Журналистердің заңды қызметіне кедергі келтіру» туралы бап болғанымен, ол бойынша ешкімді жауапқа тартпайтынын мәлімдеген. Конференцияға қатысқан қазақстандық шенеуніктер мұндай істерді бақылауға алуға уәде берген.

– Біз өте көп факт келтірдік. Оның ішінде бюрода болған шабуыл туралы да айттық. Осы кездесуге қатысқан Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілі бұл фактілерден хабардар екенін білдірді. «Ведомство жағдайды бақылауда ұстап отыр, кінәлілер жазаланады» деді. Бірақ уақыт өтіп жатыр, еш нәтиже жоқ. Есіңізде болса, министр Дәурен Абаев «Журналистерге жасалған шабуыл фактісі неге зерттелмейді?» деген сұраққа «Журналистерден шағым түскен жоқ» деп жауап берген. Бірақ бұл өтірік, өйткені біз осындай шағымдар жазуға көмектестік, – дейді Гүлмира Біржанова.

Журналистерге жасалған шабуылдан соң, 2019 жылдың шілде айында үкіметте өткен жиыннан кейін Азаттық сұрағына жауап берген Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев журналистерді «арыз жазуға» шақырған. Ол істі «соңына дейін жеткізуге» уәде берген. Арыз жазылды. Бірақ нәтиже жоқ.

Human Rights Watch халықаралық ұйымының қаңтардың 15-і күні жарияланған баяндамасында Қазақстанда биліктің адам құқықтары жағдайын жақсарту туралы уәдесіне қарамастан, елеулі өзгеріс байқалмайтыны жазылған.

«Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы жыл сайын жариялайтын «Баспасөз еркіндігінің бүкіләлемдік индексінде» Қазақстан өткен жылы 158-орынға тұрақтаған.

Azattyq