«Жер кодексінде «сатылмайды, жалға берілмейді» деген нақты сөз жоқ» – қоғам белсендісі

Сонымен қатар қоғам белсендісі жерді туған жерін қадірлемейтін жатып-ішер шенеуніктердің осы баптарға сүйене отырып, шетелдіктерге сата салуы ықтимал деп санайды.

0
73

Тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасы, «ЕЛ мен ЖЕР» қозғалысының мүшесі Талғат Ғатауолла Жер кодексінде ұлтқа қауіп төндіретін баптардың әлі барын айтып, дабыл қағуда. Жер мәселесін тағы да көтерген ол Facebook-тегі парақшасына көлемді жазба қалдырды.

Естеріңізде болса, жақын арада Мәжілістің шешімімен жерді шетелдіктерге жалға беруге және сатуға тыйым салынған болатын.

Бірақ оның айтуынша, Жер кодексінде жерді шетелдіктерге 25 жылға жалға мүмкіндік беретін баптар алынып тасталмаған екен. Және ол 6-ншы, 23-нші және және 24-нші баптарына күдікпен қарап отыр.

«Жер кодексінің 24-бабында: «Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін 25 жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады» деп анық жазылған.

Осы кодекстің 6-бабында «Шетелдiктер жер құқығы қатынастарында ҚР азаматтарымен бірдей тең құқықтарды пайдаланады» делінген. Бұл бап бойынша шетелдіктер жер қатынасында Қазақстан азаматтарымен тең құқылы екенін нақты көрсетіп тұр.

Ал 23-бапқа жер дауынан кейін халықты алдап, тыныштандыру үшін мынадай ғана өзгеріс енгізді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық аймағында орналасқан жер учаскелері шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына меншік құқығымен тиесілі болмайды. Бұл бапта «сатылмайды, жалға берілмейді» деген нақты сөз жоқ және осы бапқа аса назар бөліп оқыңыздар! Бұл бапта тек мемлекеттік шекара маңындағы жерлер ғана шетелдіктерге т.б. тиесілі болмайды делінген. Ал, жерінің көлемі жөнінен дүние жүзінде 9-орын алатын Қазақстан ұлан-байтақ жерді қамтып отыр (жерінің ауданы — 2724,9 мың км²).

Яғни, 23-бап, мемлекеттік шекарадан тысқары алыс жатқан және орталық аймақтағы жерімізді шетелдіктерге жалға беруге, тіпті сатуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Міне, бұл Заңның өте әлсіз тұсы», – делінген жазбада.

Сонымен қатар қоғам белсендісі жерді туған жерін қадірлемейтін жатып-ішер шенеуніктердің осы баптарға сүйене отырып, шетелдіктерге сата салуы ықтимал деп санайды. Өтйкені Жер кодексінен нақты сатуға тыйым салынғаны туралы сөйлем табылмайды.

«Жер кодексінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге қатысты баптарда сөздер шұбалаңқы және көбіне «мүмкін» деген сөз жиі қайталанып келеді. «Шетелдіктерге жерді сатуға және жалға беруге тыйым салу» туралы бабтар нақты, дәл жазылмаған. Бұны кәсіби біліксіз және қазақша таза білмейтін заңгерлердің, жер мәселесіне қатысты мамандардың қарапайым халықтың басын қатыру әдіс-тәсілдері деуге болады.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Мен мұны президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру керек деп шештім» деген болатын.

Яғни Жер кодексіне «Қазақстан аумағындағы ауыл шаруашылық мақсатындағы барлық жерлер шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдіктердің 1% үлесі бар заңды тұлғаларға; шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдармен аралас некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрған Қазақстан азаматтарына (азаматшаларына) жерді сатуға және жалға беруге тыйым салынады» деп алдымен мемлекеттік тілде түсінікті етіп жазылуы тиіс!», – деп санайды қоғам белсендісі.

Талғат Қатауов жазбасында Жер кодексінің миға сыймайтын баптарына тоқтала келіп, халықтың атынан ұсыныстары мен талаптарын да жіпке тізді.

Халықтың ұсыныс-талабы: 

ҚР Конституциясының 3-бабында: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» делінген. Өз конституциялық құқымызды пайдалана отырып, «Жер кодексіне» төмендегідей ұсыныстарды енгізуді сұраймыз!

1. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдіктер және жарғылық қорында шетелдіктер үлесі 1% үлесі болса да жерді сатуға және жалға беруге тыйым салынады.

2. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктермен және азаматтығы жоқ адамдармен аралас некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрған Қазақстан Республикасының азаматтарына (азаматшаларына) жерді сатуға және жалға беруге тыйым салынады.

3. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді Қазақстан Республикасының азаматтарына және заңды тұлғаларына жекеменшікке беруге, сатуға тыйым салынады. Тек белгілі мерзімге жалға беріледі. Жермен дұрыс жасамаған кезде кейін қайтарылып алынады. Пайдаланылмай жатқан жайылымдар мен егістік жерлер мемлекет иелігіне кейін қайтарылады.

4. Шекаралық белдеуде,аумағында орналасқан барлық ауыл шаруашылық жерлер мен өзге мақсаттағы жер учаскелері мемлекет меншігінде болады.

5. Шекаралық белдеуінде,аумағында орналасқан ауыл шаруашылығы және өзге мақсаттағы жер учаскелерін ешкімге (қазақстан азаматарына, заңды және коммерциялық тұлғаларға сатуға және жалға беруге қатаң тыйым салынады) сатылмайды, жалға берілмейді.

6. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері Қазақстан азаматтарына, еліміздің заңды тұлғалары мен коммерциялық ұйымдарға,шаруа қожалықтарына шектi (ең жоғары) мөлшер500 гектардан артық жалға берілмейді және ол жеке және заңды тұлғаға өзге өңірде жалға жеруге беруге тыйым салынады. Егер жерді дұрыс ұстамаған, өңдемеген жағдайда комиссия шешімімен мемлекетке кейін қайтарылады, ол жеке және заңды тұлғаға келесіде берілмейді. Жерді жалға алған жеке және заңды тұлға немесе коммерциялық ұйым мен келесі үшінші тарапқа бере алмайды (субаренда бере алмайды).

7. Мазарлар мен молаларға жақын (радиусы 10 км жерге дейін) жерлерді жалға беруге немесе сатуға тыйым салынады.

8. Ауылдар мен елді мекендердің айналасындағы жайылымдық және шабындық жерлерді (радиусы 20 км дейін) жалға беруге, сатуға тыйым салынады.

9.Су, орман, балық, аң шаруашылығы мақсатындағы жерлер және стратегиялық мақсаттағы жерлер, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ұлттық қорлар т.б) мемлекет меншігінде болады.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету