Женевада журналист Лира Байсейітова туралы кітап таныстырылды

0

29 қаңтарда Женевада швейцариялық фотограф, жазушы Лоранс Деоннаның «Лира Байсейітова — әшкерелеуші («Lira Baiseitova — Lanceuse d’alerte») атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітап француз тілінде жарық көрді.

Кітапқа алғысөзді Парижде тұратын адвокат, жазушы Ева Жоли жазған. Ол кітаптағы негізгі кейіпкер жемқорлықпен батыл күрескен Лира Байсейітованы «батыл, ерік-жігері мол әйел» деп сипаттайды.

— Лоранс Деонна Қазақстанға бірнеше рет келген. Онымен америкалық журналист, жазушы Александра Жорж арқылы таныстым. Лоранспен танысқаннан кейін үзбей байланысып тұрдық. Ол мені Женеваға шақырды, сол кездегі Женевадағы бас прокурор Бернар Бертосстан сұхбат алғанмын. «Республика-2000» басылымы ол кезде шықпағандықтан сұхбатты Ермұрат Бапи жариялады. Ол кезде оның газеті «СолДат» деп аталатын. Сұхбат жарияланғаннан кейін редакцияға шабуыл жасалды. Журналистер соққыға жығылып, аппараттары тәркіленді. Бірнеше күннен кейін қызым Лейла жоғалып кетті. Оған есірткі салып жіберген, сол күні кешке оны жедел жәрдем көлігімен ес-түссіз күйде алып кетті, — дейді Лира Байсейітова.

Лира Байсейітованың қызы 25 жастағы Лейла 2002 жылы жазда көз жұмды. Байсейітованың айтуынша, ол кісі қолынан қаза болған. Ал полицейлер тергеу түрмесінде өз-өзіне қол жұмсады деп айтқан.

Лира Байсейітованың айтуынша, қызының өлімінен кейін сегіз жасар немересіне қоқан-лоқы жасала басталған.

— Осының бәрін Лорансқа айтып бердім. Ол бірден немеремді сол жаққа жіберуге кеңес берді. Ол немереме шақырту құжатын жасады, ал мен дереу оны асырап алу құжатын рәсімдеуге кірістім, әйтпесе оны шетелге жіберуге құқығым жоқ болатын, — деп еске алады Лира Байсейітова.

Үш айдан соң Лира Байсейітова Женеваға барған. Лоранс Деонна Байсейітова мен немересіне баспана, аудармашы іздеп тауып, оларға медициналық сақтандыру құжатын жасаған, ықтиярхат алу үшін мемлекеттік органдармен хат алмасқан.

— Қазір де күн сайын байланысып тұрамыз. Ол менің бастан кешіргенімді білгендіктен осы кітапты жазды. Алғысөзін Ева Жоли жазды. Бұл сенсациялық халықаралық триллер. Оның негізгі кейіпкері — журналист-зерттеуші Лира Казан. Бұл менмін. Ева Жоли — танымал адвокат, бұрынғы судья, Саркозидің Қазақстанға тікұшақ сату ісін жүргізген. Ол Еуропарламент депутаты да болған, — дейді Лира Байсейітова.

Оқи отырыңыз: Франция «Қазақгейт» пен Саркозиді талқылады

Лира Байсейітова 2004 жылы Швейцариядан саяси баспана алған. 66 жастағы Байсейітова қазір Еуропа ақпарат құралдарында Қазақстан бойынша кеңесші қызметін атқарады. 25 жастағы Алан Мәдениет академиясында оқиды және бірнеше басылымда фотограф болып істейді.

Лира Байсейітова Қазақстанда қоғамдық-саяси қызметпен белсене шұғылданған. Оппозицияға өткен бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің серіктерінің бірі болған. 2003 жылы 3 қаңтарда Канаданың Canadian Journalists for Free Expression үкіметтік емес ұйымы оны Халықаралық сөз бостандығы сыйлығымен марапаттаған.

Azattyq